2 маусым 2026


ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ: ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты А.А. Алимхан академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Өзбекстан Республикасының Гүлстан мемлекеттік университетінде болып қайтты.

Іссапардың негізгі мақсаты – білім және тәжірибе алмасу, ғылыми-педагогикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ университеттің ғылыми әдебиеттер қорымен танысу болды. Бағдарлама аясында А.А. Алимхан білім алушыларға «Түркі ономастикасы» және «Қазіргі қазақ тілі» пәндері бойынша дәрістер оқып, практикалық сабақтар жүргізді.

Оқу үдерісі барысында тіл білімінің өзекті мәселелері талқыланып, түркі тілдерінің дамуы, ономастика саласындағы заманауи зерттеулер мен қазақ тіл білімінің маңызды бағыттары жөнінде пікір алмасу жүзеге асырылды. Сабақтар студенттердің қызығушылығын тудырып, екі жоғары оқу орны арасындағы ғылыми-академиялық байланысты одан әрі дамытуға ықпал етті.

Халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бағдарламаның қорытындысы бойынша А.А. Алимханға арнайы сертификат табысталды.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға және халықаралық байланыстарды нығайтуға зор мүмкіндік береді. Осы ретте білім беру және ғылыми қызметті дамытуға қолдау көрсетіп, академиялық ұтқырлық аясында тәжірибе жинақтауға жағдай жасаған университет басшылығына алғыс білдіреміз.