2 маусым 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ «AЗAMAT» ТЕЛЕБАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСУДА

Республикалық интеллектуалдық «AЗAMAT» телебағдарламасының екінші маусымына Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері Жігер Сәрсенбаев пен Мерхат Алмасұлы қатысты.

Бағдарламаның алғашқы ойынында университет студенттері сәтті өнер көрсетіп, жеңіске жетті. Қатысушылар «Азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттырудың тиімді жолдары» тақырыбы аясында өз ойларын ортаға салып, қоғам үшін маңызды мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Студенттер цифрлық ортадағы қауіпсіздік, ақпаратты тиімді пайдалану, интернет мәдениеті мен жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа дағдылардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында нақты ұсыныстарын жеткізді.

Бүгінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру – уақыт талабы. Мемлекет басшысы да цифрландыру мен жасанды интеллект бағыттарын ел дамуының маңызды басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді.

Осындай өзекті мәселелерді көтеріп, өз ойын еркін жеткізе алатын жастардың қатары артып келе жатқаны қуантады. Университет студенттерінің интеллектуалдық алаңдарда белсенділік танытып, жоғары деңгейде өнер көрсетуі – білім мен азаматтық ұстанымның айқын көрінісі.