8 маусым 2026


СИНЬЦЗЯН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ: ЖАҢА ҒЫЛЫМИ СЕРІКТЕСТІККЕ ЖОЛ АШЫЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қытай Халық Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Синьцзян ауыл шаруашылығы университетінің делегациясымен маңызды халықаралық кездесу өтті.

Кездесу аясында ғылым мен жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және академиялық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.

Делегация құрамында компьютерлік ғылымдар, ақпараттық инженерия, ауыл шаруашылығы, экология, энтомология және цифрлық технологиялар бағыттарындағы жетекші ғалымдар болды. Атап айтқанда, университетке компьютерлік ғылымдар және технологиялар саласының PhD докторы, қауымдастырылған профессор Ли Юнкэ, ресурстар және қоршаған орта факультеті деканының орынбасары Гу Хайбинь, ауыл шаруашылығын ақпараттандыру инженерлік технологиялар зерттеу орталығының қауымдастырылған профессоры Ван Лэй, энтомология және пестицидтер ғылымы кафедрасының ғылыми жетекшісі, PhD докторы Ясен Шали және компьютерлік және ақпараттық инженерия мектебінің оқытушысы, PhD докторы Ержан Халем қатысты.

Кездесу барысында тараптар орман шаруашылығы, гидрология, экологиялық мониторинг, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, геоақпараттық жүйелер, ақпараттық технологиялар және ауыл шаруашылығына жасанды интеллект элементтерін енгізу бағыттарындағы ғылыми зерттеулерді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сонымен қатар халықаралық ғылыми жобаларды бірлесіп әзірлеу, ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру, магистранттар мен докторанттардың академиялық ұтқырлығын арттыру, бірлескен ғылыми жарияланымдар дайындау және халықаралық конференциялар өткізу мүмкіндіктері қарастырылды.

Тараптар табиғи ресурстарды тиімді басқару, су ресурстарын мониторингтеу және ауыл шаруашылығы өндірісін жетілдіру бағыттарында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті қолдану бойынша тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты.

Кездесу қорытындысында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Синьцзян ауыл шаруашылығы университеті арасында ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейту, бірлескен зерттеулер жүргізу және халықаралық деңгейдегі серіктестік байланыстарды нығайту жөнінде өзара уағдаластыққа қол жеткізілді.

Аталған кездесу екі жоғары оқу орны арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін береді деп күтілуде.