25 маусым 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ РУМЫНИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРМЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Amanzholov University-де Румынияның Клуж-Напока техникалық университетінің өкілдері – профессор, философия докторы Сильвиу Дан Мандру мен философия докторы Александру Ианоши-Андреева-Дмитровамен ресми кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар Erasmus+ бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ынтымақтастықтың нәтижелерін талқылап, академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық білім беру жобаларын іске асыру және тәжірибе алмасу бағыттары бойынша пікір алмасты.

Кездесуде халықаралық әріптестікті дамыту қазіргі заманғы жоғары білім беру жүйесінің маңызды басымдықтарының бірі екені атап өтілді. Осы тұрғыда Amanzholov University шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестікті нығайтуға және халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне белсенді кірігуге ерекше көңіл бөліп келеді.

Тараптар екі университет арасындағы өзара ынтымақтастықтың келешегіне тоқталып, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын арттыру, бірлескен ғылыми жарияланымдар әзірлеу және халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.

Румыниялық әріптестердің сапары қалыптасқан серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге, білім мен ғылым саласындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірілді.