6 тамыз 2026


МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН КӨШБАСШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҰЙЫМДЫҚ ТИІМДІЛІК БОЙЫНША ОҚЫТУ КУРСЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Кәсіптік даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығы 2026 жылғы 5–6 тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметшілеріне арналған «Бөлімше басшысының қызметіндегі көшбасшылық және ұйымдық тиімділік   тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсын ұйымдастырып өткізді.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – шекара қызметі бөлімшелері басшыларының басқарушылық құзыреттерін жетілдіру, көшбасшылық қабілеттерін дамыту, ұжым қызметін тиімді ұйымдастыру және қызметтік міндеттерді орындаудың заманауи тәсілдерін меңгерту.

Курсты университеттің Психология және коррекциялық педагогика кафедрасының сениор-лекторы, психология ғылымдарының кандидаты Юлия Евгеньевна Кукина жүргізді.

Оқу барысында тыңдаушылар көшбасшылықтың персоналды ынталандырудағы рөлі мен негізгі функцияларын, басқару жүйесіне аудит жүргізу тәсілдерін, сондай-ақ өздерінің басқарушылық қасиеттері мен кәсіби дағдыларын бағалау және оларды тиімді пайдалану жолдарын жан-жақты қарастырды. Сонымен қатар ұжымдағы мотивацияны арттыруға бағытталған заманауи басқару әдістерімен танысты.

Курс соңында университеттің Басқарма төрағасы – ректордың уақытша міндетін атқарушы Ирина Владимировна Ровнякова тыңдаушыларға оқу бағдарламасын сәтті аяқтағаны туралы сертификаттарды салтанатты түрде табыстады.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілі, полковник Жумахан Маханович Абильбеков университет басшылығы мен ұжымына бағдарламаның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Аталған курс мемлекеттік қызметшілердің басқарушылық әлеуетін арттыруға, көшбасшылық мәдениетін дамытуға және мемлекеттік қызмет сапасын жетілдіруге бағытталған маңызды білім беру бастамаларының бірі болды.