19 тамыз 2026


ЛЕНСТА РАХИМЖАНҚЫЗЫ АУБАКИРОВА ТУРАЛЫ ЖАРҚЫН ЕСТЕЛІК

Көрнекті педагог, профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, білім саласының ардагері, саналы ғұмырын туған университетіне арнаған Ленста Рахимжанқызы Аубакирова дүниеден өтті.

Аманжолов University ұжымы үшін бұл – орны толмас ауыр қаза.

Ленста Рахимжанқызы 1939 жылғы 27 мамырда Өскемен қаласында дүниеге келген. Өскемен педагогикалық институтын тәмамдағаннан кейін ұстаз, мектеп директоры қызметтерінен бастап, кафедра меңгерушісі, декан, проректордың орынбасары, профессор дәрежесіне дейінгі үлкен кәсіби жолдан өтті.

1969 жылдан бастап оның тағдыры педагогикалық жоғары оқу орнымен тығыз байланысып, ол білім беру мен жас ұрпақты тәрбиелеу саласына елу жылдан астам уақытын арнады.

Көптеген студенттер мен оқытушылар буыны үшін Ленста Рахимжанқызы жай ғана әріптес немесе оқытушы емес, ақыл-кеңес сұрап, қолдау мен жылы сөз іздеп баратын ұлағатты ұстаз, білікті тәлімгер болды.

Оның кәсіби және қоғамдық қызметі Шығыс Қазақстанның білім беру тарихында өзіндік із қалдырды. Ол жастар тәрбиесі мәселелеріне белсене араласып, жоғары сынып оқушыларының еңбек жасақтарын, аула клубтарын, спорттық бастамаларды ұйымдастыруға атсалысты. Жастардың тағдырына әрдайым алаңдап, олардың мүмкіндіктеріне сенім білдірді.

Ленста Рахимжанқызының еңбегі көптеген мемлекеттік және ведомстволық марапаттармен аталып өтті. Олардың қатарында «Қазақ КСР-ағарту ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атақтары, «Еңбек ардагері» медалі, төсбелгілер мен басқа да марапаттар бар. 2017 жылы оған Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағы берілді.

Алайда оның ең қымбат марапаттары – адамдар.

Ұстаз атанған шәкірттері. Алғысы мен құрметін жүрегінде сақтаған әріптестері. Өз жолын табуға көмектескен студенттері.

Ленста Рахимжанқызы өмірінің соңғы жылдарына дейін университет тынысынан қол үзген жоқ. Ол Ардагерлер кеңесін басқарды, студенттермен және оқытушылармен кездесулерге қатысып, естеліктерімен бөлісті, тағылымды іс-шаралардың бел ортасында жүрді. 2025 жылы университетте өткен естелік шарада сөз сөйлеп, «За отчизну» атты өлеңін оқыды.

Бүгінде бір ақиқаттың мәні ерекше сезіледі: адамдар өмірден өтеді, бірақ олардың игі ісі жалғаса береді.

Ленста Рахимжанқызы артында ғылыми еңбектерін, кәсіби жетістіктерін, бай педагогикалық мұрасын ғана емес, өзі білім берген, тәрбиелеген, қолдау көрсеткен адамдардың жүрегінде өшпес із қалдырды.

Оның есімі Amanzholov University тарихында мәңгі сақталады.

Университет ұжымы Ленста Рахимжанқызының туған-туыстарына, жақындарына, әріптестеріне, шәкірттеріне және оны танып, құрметтеген барша жанға қайғырып көңіл айтады.

Ленста Рахимжанқызы Аубакирова туралы жарқын естелік мәңгілік болсын.

Нағыз Ұстаздың ғибраты шәкірттері өмір сүргенше жалғаса береді.