28 тамыз 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ӨКІЛДЕРІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

26 тамыз күні Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен Білім беру қызметкерлерінің Республикалық тамыз конференциясы өтті.

Ауқымды іс-шараға AMANZHOLOV UNIVERSITY атынан Басқарма төрағасының орынбасары – стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Владимировна Ровнякова және университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Конференция барысында Мемлекет басшысы білім беру саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына тоқталып, педагогтің қоғамдағы айрықша рөлін атап өтті.

Президент өз сөзінде ұстаздың адам тәрбиесі мен оның дүниетанымын қалыптастырудағы маңызын ерекше атап: «Ең озық технологиялар әлемді өзгерте алады, алайда адамды, оның дүниетанымын тек нағыз тәлімгер ғана өзгерте алады», – деді.

Бүгінде білім беру саласында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және педагог мәртебесін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен технология – білім беру үдерісіндегі мақсат емес, маңызды құрал. Оның өзегінде әрдайым адам, оның білімі мен құндылықтары тұруы тиіс.

Конференция барысында жасанды интеллект дәуіріндегі адами капиталдың маңызына да ерекше назар аударылды. Білім беру жүйесі білімді идеяға, идеяны жобаға, ал жобаны елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айналдыратын орта болуы қажет.

Сонымен қатар қазіргі білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – білімді, технологиялық сауатты, отансүйгіш, еңбекқор, жауапты әрі жасампаз ойлайтын ұрпақ қалыптастыру. Осы ретте мектеп, колледж және университет тек білім алатын орын ғана емес, тұлға мен азаматты қалыптастыратын маңызды орта ретінде қарастырылады.

Республикалық тамыз конференциясы білім беру саласының жаңа міндеттері мен басымдықтарын айқындап, педагогтер мен білім беру ұйымдарының алдына маңызды мақсаттар қойды.

AMANZHOLOV UNIVERSITY ұжымы жаңа оқу жылының басталуымен барша білім беру саласының қызметкерлерін құттықтап, кәсіби қызметтеріне шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер мен толағай табыстар тілейді!