4 қыркүйек 2026
ГҮЛЖАН ДЖАРАСОВА СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ – РЕКТОР ЛАУАЗЫМЫНА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бұйрығымен Гүлжан Сағидуллақызы Джарасова Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректоры лауазымына тағайындалды.
Гүлжан Сағидуллақызының жоғары білім, ғылым және мемлекеттік басқару салаларында мол тәжірибесі бар. Оның кәсіби жолы жоғары оқу орындарындағы оқытушылық және ғылыми-зерттеу жұмыстарынан бастап, әкімшілік және басшылық қызметтерді атқаруға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Сонымен қатар ол білім беру саласын мемлекеттік басқару жүйесінде де жауапты қызметтер атқарған.
Ол 1973 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін тәмамдаған.
1996–2015 жылдары С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде еңбек етті. Осы жылдар ішінде оқытушы, зерттеуші қызметтерінен бастап, бөлім бастығы, департамент директоры және кафедра меңгерушісі лауазымдарына дейін көтеріліп, мол кәсіби тәжірибе жинақтады.
2015–2016 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Академиялық мәселелер департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.
2016–2019 жылдары Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде проректор, сондай-ақ ректордың міндетін атқарушы қызметтерін атқарды.
2020 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы директорының орынбасары болды. Ал 2020–2021 жылдары Павлодар педагогикалық университетінің Педагогикалық зерттеулер орталығын басқарды.
2021–2022 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры болды.
2022–2023 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры – Басқарма мүшесі қызметін атқарды.
2023 жылғы қараша айынан бастап Гүлжан Сағидуллақызы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2025 жылдан 2026 жылғы тамыз айына дейін осы Комитетке төрағалық етті.
Оның жоғары білім беру саласындағы көпжылдық тәжірибесі академиялық саясатты жетілдіру, білім беру сапасын қамтамасыз ету, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту, педагогикалық білім беруді жетілдіру және академиялық ұтқырлықты дамыту сияқты маңызды бағыттарды қамтиды.
Гүлжан Сағидуллақызы Джарасованың Басқарма төрағасы – ректор лауазымына тағайындалуы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің дамуындағы жаңа кезеңнің басталуына жол ашады. Алдағы уақытта университеттің білім беру сапасын арттыру, ғылыми әлеуетін нығайту, халықаралық байланыстарын кеңейту, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және студенттер мен оқытушылар үшін заманауи академиялық орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстары одан әрі жалғасын табады.
Университет ұжымы Гүлжан Сағидуллақызы Джарасованы жаңа қызметімен құттықтап, оған кәсіби табыс, жаңа бастамаларына сәттілік және жемісті еңбек тілейді. Жаңа басшының білімі мен мол тәжірибесі университеттің одан әрі дамуына, білім мен ғылым саласындағы жаңа жетістіктерге жол ашады деп сенеміз.
Гүлжан Сағидуллақызына Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымымен бірге жаңа идеялар мен маңызды нәтижелерге толы жемісті жұмыс тілейміз!
