7 қыркүйек 2026


СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ: «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ АЯСЫНДАҒЫ АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ КЕЗДЕСУІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 1-курс студенттеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты – білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын нығайту. Іс-шара барысында университеттің ішкі тәртіп талаптары, құқықтық жауапкершілік, академиялық адалдық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, лудомания және интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері қарастырылды.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Динара Алпысбаева интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен одан қорғану тәсілдеріне, сондай-ақ құмар ойындарға тәуелділіктің әлеуметтік салдарына тоқталды.

Құқықтық бағыттағы түсіндіру жұмыстарын Үлбі полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі Қабышев Дулат Төлеубекұлы және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор Жақсыбаева Динара Мырзабековна жүргізді. Мамандар құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелерін түсіндірді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің жетекшісі, комплаенс-офицер Қайнар Жексембаев академиялық адалдық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу кезінде студенттер мамандарға сұрақтарын қойып, құқықтық және цифрлық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер бойынша жауаптар алды.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары студенттердің құқықтық санасын арттыруға, қауіп-қатерлерді сыни тұрғыдан бағалауына және қоғамдағы жауапты мінез-құлық ұстанымдарын қалыптастыруға бағытталған.