14 қыркүйек 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МАҢЫЗЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жастардың құқықтық мәдениетін арттыру және Конституцияның қоғамдағы маңызын түсіндіру мақсатында «Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның құқықтық негізі» тақырыбында ашық дәріс өтті.

Дәрісті Құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Гүлмира Төлеубекқызы Байркенова жүргізді.

Ашық дәрісте Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәні, олардың елдің құқықтық және саяси дамуындағы орны, сондай-ақ Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы рөлі жан-жақты талқыланды.

Гүлмира Төлеубекқызы Конституцияның заң үстемдігін қамтамасыз етудегі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызына тоқталып, конституциялық реформалардың негізгі бағыттарын түсіндірді. Сонымен қатар құқықтық мемлекет құрудағы азаматтық жауапкершілік, құқықтық сауаттылық пен азаматтық белсенділіктің маңызы сөз болды.

Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, талқыланған мәселелер бойынша пікір алмасты.

Ашық дәріс жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға, Конституцияның құндылықтарын терең түсінуге және қоғамдағы заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға бағытталды.