21 қыркүйек 2026


ГҮЛЖАН ЖАРАСОВА: ЖАС ОҚЫТУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУДЕ AI ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ МҮМКІНДІКТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Жас оқытушы мектебі» біліктілікті арттыру курсы аясында Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасованың жас оқытушылармен кездесуі өтті.

Кездесуде жоғары білім беру жүйесіндегі заманауи өзгерістер, жас мамандардың кәсіби дамуы және білім беру үдерісінде жаңа технологияларды тиімді қолдану мәселелері сөз болды.

Кездесудің маңызды бағыттарының бірі – AI технологияларын білім беру саласында пайдалану. Жас оқытушылар жасанды интеллект құралдарының оқу үдерісін жетілдірудегі, білім алушылармен жұмыс жүргізудегі және кәсіби міндеттерді тиімді ұйымдастырудағы мүмкіндіктерін талқылады.

Гүлжан Жарасова жас оқытушылардың университеттің білім беру және ғылыми әлеуетін дамытудағы рөліне тоқталып, кәсіби ізденіс пен үздіксіз білім алудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар оқытушылардың жаңа технологияларды меңгеріп, оларды педагогикалық тәжірибеде сауатты әрі мақсатты қолдануы қажеттігі айтылды.

Кездесу барысында жас оқытушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, университеттің даму бағыты, кәсіби өсу мүмкіндіктері және заманауи білім беру құралдары туралы пікір алмасты.

«Жас оқытушы мектебі» курсы жас мамандардың педагогикалық құзыреттерін жетілдіруге, заманауи оқыту әдістерін меңгеруіне және кәсіби ортаға бейімделуіне бағытталған.