24 қыркүйек 2026


ИДЕЯ. AI. МҮМКІНДІК. AMANZHOLOV UNIVERSITY – HACKALEM AI-ДА

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің өкілдері Астана қаласында өтіп жатқан HackAlem AI хакатонына қатысуда.

23 қыркүйекте басталған ауқымды технологиялық шара жасанды интеллект негізіндегі жаңа шешімдерді әзірлеуге бағытталған. Хакатонға Қазақстаннан және шетелден әзірлеушілер, студенттер, жас мамандар мен IT-энтузиастар жиналды. Биылғы HackAlem AI хакатонының ресми серіктестерінің бірі – OpenAI.

AMANZHOLOV UNIVERSITY атынан хакатонға Цифрлық технологиялар және модельдеу зертханасының қызметкерлері қатысуда:

– Бүйткенова Гүлім Болатқызы – инженер;
-Жомартқан Нұрасыл Қайратұлы – кіші ғылыми қызметкер;
-Маулетов Дәурен Мейрамұлы – ғылыми қызметкер.

Үш қатысушы командалық форматта жасанды интеллект негізіндегі шешім әзірлеуде. Оларға қысқа уақыт ішінде нақты міндетке арналған технологиялық өнім жасап, оны сарапшыларға ұсыну мүмкіндігі берілген.

HackAlem AI аясында командалар Қазақстан экономикасының негізгі бағыттарына арналған агенттік AI-шешімдер әзірлейді. Жоба дайындау кезінде OpenAI Codex және OpenAI API құралдарын пайдалану міндетті шарттардың бірі ретінде белгіленген.

Хакатонға барлығы 2 500 қатысушы қабылданып, іс-шараға 21 елден өкілдер келген. Қатысушылар қатарында 129 университеттің студенттері бар.

HackAlem AI-дың жүлделері мен технологиялық ресурстарының жалпы көлемі 1,1 миллион АҚШ долларын құрайды. Үздік жобалар 29 қыркүйектегі Demo Day кезеңінде таныстырылып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында өтеді.

Amanzholov University өкілдерінің HackAlem AI хакатонына қатысуы – жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және инновациялық жобалар бағытындағы білім мен тәжірибені жаңа ортада сынауға мүмкіндік беретін маңызды қадам.