2 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ COURsera ПЛАТФОРМАСЫНА АРНАЛҒАН ЦИФРЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ КОНТЕНТІН ӘЗІРЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде профессор-оқытушылар құрамының цифрлық білім беру контентін әзірлеу бағытындағы кәсіби құзыреттерін арттыруға арналған «Coursera үшін цифрлық білім беру контентін әзірлеу: құрылымы, методологиясы және құралдары» оқыту семинары өтті.
Іс-шараны Академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаменті мен Coursera білім беру платформасының Қазақстандағы ресми серіктесі «BMG UpSkill» компаниясы ұйымдастырды.
Семинардың негізгі мақсаты – заманауи педагогикалық дизайн тәсілдерін, онлайн-курс құрылымына қойылатын талаптарды, оқу материалдарын ұйымдастыру және білім алушылардың оқу нәтижелерін бағалау ерекшеліктерін ескере отырып, сапалы цифрлық білім беру контентін әзірлеу дағдыларын жетілдіру.
Семинарды Академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаментінің директоры Ержан Домалатов жүргізді.
Кездесуде қазақстандық жоғары оқу орындарының Coursera платформасындағы авторлық курстары таныстырылды. Bilim Upskill жобалық менеджері Қайрат Тлеужанов Coursera платформасында қазақстандық жоғары оқу орындары әзірлеген курстардың тәжірибесіне тоқталып, цифрлық білім беру кеңістігіндегі мүмкіндіктерге назар аударды.
Биология ғылымдарының кандидаты, Биология кафедрасының профессор-зерттеушісі Гульназ Садыканова «Coursera үшін цифрлық білім беру контентін әзірлеу: құрылымы, методологиясы және құралдары» тақырыбында баяндама жасап, сапалы онлайн-курс қалыптастырудың негізгі қағидаларын таныстырды. Баяндама барысында педагогикалық дизайнның заманауи тәсілдері, оқу материалдарын жүйелеу, бейнедәрістер мен интерактивті тапсырмаларды әзірлеу мәселелері қамтылды.
Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Бақытжан Келгембаева Coursera платформасына арналған жаппай ашық онлайн-курсты (ЖҰОК/МООК) әзірлеудің ерекшеліктері туралы айтып, нормативтік талаптардан бастап дайын цифрлық контентті қалыптастыруға дейінгі кезеңдерге тоқталды.
Семинар барысында Coursera платформасындағы онлайн-курстардың құрылымы мен мазмұнын ұйымдастыру, модульдер мен оқу апталарын жоспарлау, бейнедәрістер мен мәтіндік материалдарды әзірлеу, интерактивті оқу тапсырмаларын құрастыру және білім алушылардың оқу нәтижелерін бағалау тетіктері де қарастырылды.
Сонымен қатар қатысушыларға цифрлық контент әзірлеуге қажетті техникалық құралдар мен заманауи цифрлық сервистер таныстырылды. Coursera платформасындағы бағалау жүйесінің ерекшеліктері, контенттік тесттерді әзірлеу және өзара бағалау (peer-to-peer) критерийлерін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Семинардың қорытынды бөлімінде Coursera платформасында онлайн-курстарды әзірлеу мен орналастырудың практикалық мәселелері қарастырылып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді. Профессор-оқытушылар құрамы өзара тәжірибе алмасып, цифрлық білім беру контентін жетілдіруге қатысты пікірлерін ортаға салды.
Іс-шара университет оқытушыларының цифрлық педагогика саласындағы кәсіби әлеуетін арттыруға, заманауи білім беру технологияларын оқу үдерісіне тиімді енгізуге және Coursera платформасында сапалы авторлық курстар әзірлеу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды.




