12 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ДОКТОРАНТТАР ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІН ҰСЫНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебіне қарасты Экология және география кафедрасында докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған семинар өтті.

Семинар кезінде докторанттар зерттеу жұмыстарының орындалу барысы туралы есеп беріп, қол жеткізген нәтижелерімен бөлісті және алдағы жұмыс бағыттарын таныстырды. Баяндамаларда ғылыми ізденістердің негізгі кезеңдері, алынған нәтижелер мен зерттеулерді одан әрі дамыту мүмкіндіктері қамтылды.

Семинарда 8D01506 – «География» білім беру бағдарламасының докторанты Августханованың «Жобалық іс-әрекет арқылы 9–11-сынып оқушыларының географиялық дүниетанымы мен мәдениетін қалыптастырудағы өңірлік компонентті жүзеге асыру» тақырыбындағы диссертациялық зерттеуіне ерекше назар аударылды.

Докторант диссертациялық жұмысының толық аяқталған нұсқасын ұсынып, зерттеу нәтижелерімен таныстырды және негізгі тұжырымдарын баяндады. Зерттеу өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, жобалық іс-әрекеттің оқушылардың географиялық дүниетанымы мен мәдениетін қалыптастырудағы мүмкіндіктерін зерделеуге бағытталған.

Ғылыми семинар докторанттардың зерттеу нәтижелерін кәсіби ортада саралауға, тәжірибе алмасуға және алдағы ғылыми жұмыстарының бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ұсынылған диссертациялық зерттеулердің қорғауға дайындығын бағалауға негіз болды.

Мұндай ғылыми іс-шаралар жас ғалымдардың зерттеушілік құзыреттерін дамытуға, ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде докторанттарды даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді.