13 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ КОМИТЕТ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде университеттің стратегиялық даму мәселелері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің жұмысын жетілдіруге арналған комитет отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – қоғамның 2025 жылғы жылдық есебі. Отырысқа қатысушылар қызмет нәтижелері мен университеттің стратегиялық жоспарын іске асыру көрсеткіштерін талқылады. Ұсынылған материалдарда жоспарланған іс-шаралардың орындалу деңгейі пайыздық көрсеткіштермен беріліп, стратегиялық міндеттердің жүзеге асырылу барысын жан-жақты қарастыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ университеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің жұмысын жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы мәселе бойынша Қайнар Жексембаев сөз сөйлеп, тиісті ішкі құжаттарды үлгілік талаптарға сәйкес өзектендіру жөнінде ұсыныстарын ұсынды.

Ұсынылып отырған өзгерістер комплаенс-қызметінің функциялары мен міндеттерін нақтылауға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және бағалау тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ алдын алу шаралары жүйесін дамытуға бағытталған. Бұл шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тиімділігін арттыруға және университет жұмысындағы ашықтық қағидаттарын нығайтуға мүмкіндік береді.

Отырыста қаралған мәселелер Amanzholov University-дің стратегиялық дамуы, корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру және ішкі бақылау тетіктерінің тиімділігін арттыру тұрғысынан маңызды.