14 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «АЛТАЙ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ» АТТЫ X ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты X халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Халықаралық ғылыми форум Алтайдың тарихи-мәдени мұрасын зерделеуге, оның түркі өркениетінің дамуындағы рөлін айқындауға және тарихи жадты сақтау мәселелеріне арналды.

Биылғы конференция түркітанушылардың Бірінші Бүкілодақтық съезінің 100 жылдығына және Радловтың Орхон экспедициясына 135 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, облыстық тарихи-өлкетану музейі және Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Халықаралық форумға ғылыми қауымдастықтың 200-ден астам өкілі қатысты. Олардың қатарында Түркия, Моңғолия, Жапония, Германия, Мажарстан, Қытай, Малайзия, Ресей және басқа да елдерден келген зерттеушілер, сондай-ақ Қазақстанның түрлі өңірлерінен жиналған ғалымдар бар.

Пленарлық отырысты Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова жүргізді.

Конференция қатысушыларына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөзін арнады.

Пленарлық отырыс аясында түркі әлемін зерттеудің тарихи, археологиялық және мәдениеттанулық қырларын қамтитын баяндамалар ұсынылды.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Директорлар кеңесінің төрағасы Амерхан Рахимжанов «Алтайдың тарихи-мәдени мұрасы: жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру және ұлттық бірегейлікті қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада тарихи мұраның жас ұрпақ тәрбиесіндегі, мәдени құндылықтарды сақтаудағы және ұлттық сана-сезімді қалыптастырудағы маңызы сөз болды.

Қазақстанға танымал археолог, профессор Зейнолла Самашев «Персепольдегі Ападана бедерлерінде бейнеленген сақ елшілері» тақырыбында баяндама ұсынды. Зерттеуде ежелгі Персеполь қаласындағы бедерлерде бейнеленген сақ өкілдеріне қатысты тарихи-археологиялық деректер қарастырылды.

Түркияның Фатих Сұлтан Мехмет Уақып университетінің профессоры Ахмет Ташагыл «Ежелгі дәуірде Алтай өңірін мекендеген түркі тайпалары» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы ежелгі түркі тайпаларының тарихына және Алтай өңірінің түркі халықтары тарихындағы маңызына тоқталды.

Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирянов «Шығыс Қазақстан Шыңғыс хан мен Алтын Орда тарихында» тақырыбында баяндама ұсынды. Баяндамада өңірдің Шыңғыс хан дәуіріндегі тарихи оқиғалар мен Алтын Орда тарихындағы орны қарастырылды.

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Азат Айтқали «Археологиялық материалдар негізіндегі Қазақстанның ежелгі түркі мәдени кешені» тақырыбында зерттеу нәтижелерін таныстырды. Баяндама ежелгі түркі мәдениетін археологиялық деректер негізінде зерделеуге арналды.

Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Задаш Дүкенбаева «Түркітану зерттеулеріндегі тарихи реконструкция: дереккөздер, әдіс және түсіндіру» тақырыбында баяндама жасады. Зерттеуде тарихи өткенді зерделеудің әдіснамалық тәсілдері, дереккөздерді талдау және оларды ғылыми тұрғыдан түсіндіру мәселелері қамтылды.

Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы секциялық отырыстар аясында жалғасты. Қатысушылар түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне, Алтайдың археологиялық мұрасына, рухани және зияткерлік дәстүрлерге, сондай-ақ тарихты зерттеу мен оқытудың заманауи тәсілдеріне қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Көшпелі түркі халықтарының мәдениетіндегі жылқының орнына, жылқы шаруашылығының дамуына және ат әбзелдерін жасау дәстүріне ерекше назар аударылды. Алтай археологиясына арналған секцияда жаңа археологиялық жаңалықтар мен түркі әлемін зерттеу аясында археологиялық материалдарды түсіндіру мәселелері қарастырылды.

Ғылыми пікірталастар түркі халықтарының рухани мұрасын тарихи тұрғыдан қайта зерделеу, түркітану зерттеулерінің әдіснамасы және осы ғылыми бағыттың өзекті даму мәселелерін де қамтыды. Сонымен қатар қазіргі білім беру тәжірибелері мен тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді оқытудың заманауи технологиялары талқыланды.

Халықаралық конференция отандық және шетелдік ғалымдардың кәсіби пікір алмасуына, зерттеу тәжірибесімен бөлісуіне және түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерделеуге қатысты өзекті мәселелерді талқылауына мүмкіндік берді. Ұсынылған баяндамалар мен тақырыптық пікірталастар ортақ тарихи-мәдени мұраны тереңірек зерделеуге және пәнаралық зерттеулерді дамытуға ықпал етеді.

Мұндай ғылыми форумдарды өткізу Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің халықаралық ғылыми байланыстарын нығайтып, шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтармен ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтеді және бірлескен зерттеу бастамаларының дамуына жол ашады. Конференция университеттің ғылыми пікір алмасу алаңы ретіндегі маңызын арттырып, түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге қосатын үлесін айқындайды.