15 қазан 2026


«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ: AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ УНИВЕРСИТЕТТІ КӨГАЛДАНДЫРУҒА ҮЛЕС ҚОСТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің Экология және география кафедрасында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Экология әрқайсымыздан басталады» экологиялық акциясының үшінші күні өтті.

Акция аясында Экология және география кафедрасының 1–4 курс студенттері 4-оқу ғимаратының аудиторияларын көгалдандыруға қатысты. Олар оқу бөлмелеріне бөлме өсімдіктерін отырғызып, қолайлы әрі экологиялық таза білім беру ортасын қалыптастыруға өз үлестерін қосты. Бастаманы кафедраның студенттер кураторлары да қолдап, іс-шараға қатысты.

Бөлме өсімдіктері оқу кабинеттерін көріктендіріп қана қоймай, табиғатқа ұқыпты қарауға, жасыл желекке күтім жасау мәдениетін қалыптастыруға және экологиялық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді. Мұндай бастамалар жастардың экологиялық санасын қалыптастырып, студенттерді күнделікті өмірде қоршаған ортаға қамқорлық жасауға ынталандырады.

Акцияның басты мақсаты — университетте экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу және студенттерді қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларға тарту.