15 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ЖАС МҰҒАЛІМНІҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАРЫ» АТТЫ ҚОНАҚ ДӘРІС ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің Экология және география кафедрасында «Жас мұғалімнің алғашқы қадамдары» тақырыбында қонақ дәріс өтті. Іс-шара «География» білім беру бағдарламасының студенттеріне арналып, болашақ педагогтердің кәсіби даярлығын жетілдіруді мақсат етті.

Дәріс қонағы — Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының Өскемен қаласы бойынша білім бөліміндегі «Ыбырай Алтынсарин атындағы №39 орта мектебі» КММ география пәнінің мұғалімі Мин Федор Сергеевич. Ол өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, жас маманның мектеп ұжымына бейімделуі, еңбек жолының алғашқы жылдарында кездесетін қиындықтар мен оларды еңсеру жолдары туралы әңгімеледі.

Дәріс барысында заманауи география сабағын жоспарлау, интерактивті оқыту әдістерін қолдану, цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану, оқушылардың зерттеу және жобалық жұмыстарын ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар білім алушыларға жеке тәсіл қолдану, ата-аналармен және әріптестермен тиімді қарым-қатынас орнату, педагогтің кәсіби дамуын үздіксіз жалғастыру маңыздылығы айтылды.

Қатысушылар сыныпты басқару, оқушылардың оқу мотивациясын арттыру, білім жетістіктерін бағалау және кәсіби қиындықтарды еңсеру мәселелерін талқылады. Мұғалімнің күнделікті қызметінде кездесетін педагогикалық жағдаяттар нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.

Студенттер дәріс қонағына сұрақтарын қойып, тәжірибелі маманның практикалық кеңестерін тыңдады. Кездесу болашақ педагогтердің география мұғалімінің кәсіби қызметі туралы түсінігін кеңейтіп, таңдаған мамандығына деген қызығушылығын арттыруға және педагогикалық қызметтің жауапкершілігін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.