15 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY: КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ ЖӘНЕ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Мәдениет, спорт және бастапқы әскери дайындық кафедрасының өкілдері Таврия орта мектебіндегі кафедра филиалына барып, 10–11-сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру кездесуін ұйымдастырды.
Кездесуде оқушылар кафедраның білім беру бағдарламаларымен, оқу ерекшеліктерімен және болашақ мамандықтардың кәсіби даму мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар дене шынықтыру, практикалық даярлық және бастапқы әскери дайындық бағыттарына баса назар аударылды.
Кафедра лекторы Виктор Викторович Сунцов жеке қорғаныс құралдарын, соның ішінде жалпыәскери қорғаныш жиынтығын (ОЗК) кию нормативтерін орындау бойынша практикалық көрсетілім өткізді. Оқушылар химиялық қорғаныс құралдарын пайдалану тәртібімен және белгіленген нормативтерді орындау ерекшеліктерімен танысты.
Ал «Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Жомарт Темірлан мектеп оқушыларына атыс бойынша шеберлік сабағын өткізді. Ол көздеу тәсілдерін көрсетіп, ату техникасын түсіндірді. Сондай-ақ қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын атап өтті.
Іс-шараның спорттық бөлімінде кафедра студенттері мен Таврия орта мектебінің командасы арасында жолдастық волейбол матчы өтті. Спорттық кездесу қатысушылардың командалық рухын нығайтып, өзара ынтымақтастығы мен спорттық шеберлігін көрсетуге мүмкіндік берді.
Мұндай кәсіби бағдар беру кездесулері университет пен мектеп арасындағы байланысты нығайтып, оқушылардың педагогикалық мамандықтарға, дене шынықтыруға және бастапқы әскери дайындыққа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жастардың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастырып, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады.









