16 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІҢ ТИІМДІ ТӘСІЛДЕРІ ҰСЫНЫЛДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Инклюзивті білім беру ортасы: оқытуды қайта жобалау, қолжетімділік және цифрлық шешімдер» тақырыбында семинар өтті. Кездесу кезінде білім беру үдерісінде әр білім алушының жеке ерекшеліктерін ескеру, оқу материалдарының қолжетімділігін қамтамасыз ету және оқытудың тиімді тәсілдерін қолдану мәселелеріне басымдық берілді.
Семинардың спикері – «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Алипова. Ол қатысушыларға инклюзивті білім беру ортасын қалыптастырудың негізгі қағидаттарын түсіндіріп, оқу үдерісін білім алушылардың қажеттіліктеріне сәйкес бейімдеудің практикалық жолдарын ұсынды.
Семинарда көру және есту қабілетінде ерекшеліктері бар, тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары кездесетін, сондай-ақ нейроәртүрлілігі бар білім алушыларға қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды. Спикер оқу материалдарын әзірлеу кезінде ақпараттың түсінікті әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.
Атап айтқанда, бейнесабақтарда субтитрлер мен көрнекі түсіндірмелерді пайдалану, күрделі тапсырмаларды шағын кезеңдерге бөлу, білім алушыларға тапсырмаларды орындау үшін икемді уақыт ұсыну сияқты тәсілдер таныстырылды. Сонымен қатар білімді бағалаудың балама түрлері түсіндіріліп, эссе, жоба, презентация және ауызша жауап арқылы білім алушының оқу жетістігін бағалау мүмкіндіктері көрсетілді.
Практикалық бөлімде оқытуды бейімдеуге қатысты нақты жағдайлар талданды. Соның ішінде қимыл-қозғалыс ерекшеліктеріне байланысты жазу қарқыны баяу білім алушыларға қолдау көрсету және церебралды сал ауруы бар баланың жалпы білім беретін мектепте білім алуына қажетті жағдайларды ұйымдастыру мәселелері қамтылды. Қатысушылар осындай жағдайларда оқыту тәсілдерін дұрыс таңдаудың, білім алушының жеке қажеттіліктерін ескерудің және оқу ортасының қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызын түсінді.
Семинар инклюзивті білім берудің мазмұнын тереңірек түсінуге, педагогтердің кәсіби құзыреттерін дамытуға және оқыту тәжірибесінде қолдануға болатын тиімді тәсілдермен танысуға мүмкіндік берді.
Инклюзивті білім беру – әр адамның білім алуға тең мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды үдеріс. Білім беру ортасын білім алушылардың жеке ерекшеліктеріне бейімдеу, қолжетімді оқу материалдарын ұсыну және оқытудың икемді әдістерін қолдану сапалы әрі баршаға қолайлы білім беру жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.








