16 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРМЕН АШЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Владимировна Ровнякованың шетелдік студенттермен кездесуі өтті. Кездесуде білім алу, қауіпсіздік, жатақханада тұру жағдайлары және университеттік ортаға бейімделу мәселелері талқыланды.
Қазіргі уақытта университетте 160-тан астам шетелдік студент білім алады. Биылғы оқу жылында университет қауымдастығына Индонезия, Марокко, Бангладеш және Ауғанстаннан келген студенттер қосылды. Сонымен қатар Қытай, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және басқа да елдердің азаматтары білім алуда.
Кездесу кезінде жатақханадағы қауіпсіздік пен тұру ережелерін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Шетелдік студенттердің білім беру үдерісі мен тұрмыстық жағдайларға қанағаттану деңгейін анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді. Сондай-ақ жаңа білім беру және әлеуметтік ортаға бейімделу кезінде туындайтын қиындықтар сөз болды.
Шетелдік студенттерді қолдау жүйесі де жеке қарастырылды. Атап айтқанда, студенттердің көмек алу үшін кімге жүгіну керектігін білетіні, өз кураторларымен, супервайзерлерімен және университеттік ортаға бейімделуге көмектесетін buddy-студенттермен таныстығы талқыланды.
Ашық кездесу форматында студенттер проректорға өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қойып, тәжірибелерімен бөлісіп, назар аударуды қажет ететін мәселелерді жеткізуге мүмкіндік алды. Қосымша қарауды қажет ететін мәселелерді Ирина Владимировна Ровнякова жеке бақылауына алды. Аталған мәселелер бойынша алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, студенттерге кері байланыс беріледі.
Кездесуге Халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету сапасы департаментінің өкілдері және шетелдік студенттермен жұмыс істеуге жауапты университет инспекторы да қатысты.
Кездесу шетелдік студенттердің білім алуы мен күнделікті өміріне қатысты өзекті мәселелерді айқындауға мүмкіндік берді. Студенттерден алынған кері байланыс университетте олардың тұрмыстық жағдайларын жақсарту және қолдау жүйесін жетілдіру бағытындағы алдағы жұмыстарда ескерілетін болады.






