20 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МАКЕТТЕР ӘЗІРЛЕДІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебіне қарасты Экология және география кафедрасының «6В05202 – Экология» білім беру бағдарламасының үшінші курс студенттері «Ғылыми-экологиялық жобалау» пәні аясында практикалық тапсырма орындап, экологиялық макеттер әзірледі.

Практикалық жұмыстың негізгі мақсаты – студенттердің экологиялық жобалау саласындағы білімін тереңдету, теориялық білімдерін тәжірибеде қолдану және өзекті экологиялық мәселелерді шешуде шығармашылық көзқарасын дамыту.

Практикалық тапсырма кезінде студенттер экологиялық жобалаудың заманауи тәсілдерін зерделеп, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, қоршаған ортаның ластануын азайту және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған өз идеяларын ұсынды. Макеттер әзірлеу арқылы білім алушылар теориялық білімдерін, жобалау дағдыларын және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мәселелерге практикалық шешім табу қабілеттерін көрсетті.

Практикалық жұмыс Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 12-бағыты – «Жауапты тұтыну және өндіріс» мақсатын іске асырумен де байланысты. Бұл бағытта табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қалдық көлемін азайту және адам әрекетінің қоршаған ортаға түсіретін жүктемесін төмендету мәселелеріне баса мән беріледі.

Мұндай практикалық сабақтар студенттердің экологиялық ойлау жүйесін қалыптастырып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Сонымен қатар болашақ мамандарға тұрақты даму қағидаттарын меңгеріп, оларды кәсіби қызметінде қолдануға мүмкіндік береді.

Практикалық жұмысты Экология және география кафедрасының лекторы Бибігүл Серікқызы Дәукенова ұйымдастырды.

Экологиялық жобалау студенттерге инновациялық идеяларын жүзеге асыруға, экологиялық мәселелерді шешудің тиімді жолдарын іздеуге және табиғи ресурстарды сақтауға үлес қосуға мүмкіндік береді. Осындай бастамалар заманауи экологиялық сын-қатерлерге жауап бере алатын және тұрақты болашақ қалыптастыруға атсалысатын білікті мамандар даярлауға негіз болады.