22 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY «POWEREXPO ALMATY 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНДЕ ҒЫЛЫМИ ӘЗІРЛЕМЕЛЕРІН ҰСЫНУДА

Алматы қаласында энергетика, электротехника және машина жасау салаларына арналған «Powerexpo Almaty 2026» халықаралық көрмесі өтуде. Көрмеде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Беттік инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығының зерттеу нәтижелері ұсынылды.

Көрмеге қатысу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы аясында жүзеге асырылып жатқан BR24992876 «Құралдардың, машиналар мен жабдықтар бөлшектерінің пайдалану сипаттамаларын жақсарту мақсатында беттік өңдеу және композициялық қорғаныш жабындарын алу технологияларын әзірлеу және сынақтан өткізу» және BR24992879 «Электр разрядтары құбылыстарының жүруіне негізделген өңдеудің негізгі әдістері мен тәсілдерін дамыту және оларды машина жасау өндірісіне енгізу» ғылыми бағдарламалары шеңберінде ұйымдастырылды.

Халықаралық көрмеге қатысудың негізгі мақсаты – аталған ғылыми бағдарламалар аясында әзірленген ғылыми шешімдерді таныстыру және оларды әлеуетті тұтынушылар арасында ілгерілету.

Ғылыми бағдарламалардың басты ерекшелігі – заманауи зерттеулерді өндірістің нақты қажеттіліктерімен ұштастыру. Ғалымдар Қазақстанның тау-кен металлургиясы, ауыл шаруашылығы және мұнай-газ салаларында қолданылатын машиналар мен жабдықтардың бөлшектерін беріктендіруге арналған ғылыми-технологиялық негіз қалыптастырды.

Атап айтқанда, детонациялық, ауа-плазмалық және газ-жалынды бүрку, жоғары жылдамдықты оттегі-отындық бүрку (HVOF), электр доғалы металдандыру, электролиттік-плазмалық өңдеу, лазерлік және плазмалық шынықтыру, сондай-ақ атомдық-қабаттық тұндыру (ALD) және бу фазасынан тұндыру (PVD) бағыттарында ғылыми шешімдер әзірленді.

Көрме аясында университет ғалымдары отандық және шетелдік кәсіпорын өкілдерімен тәжірибе алмасып, ғылыми әзірлемелерді өндірістік сынақтан өткізу, өндіріске енгізу және коммерцияландыру бағыттарындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылауда.

Ғылым мен өндірістің өзара байланысын нығайту – отандық технологияларды дамытуға және еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бастайтын маңызды қадам.

Amanzholov University отандық ғылымның әлеуетін тиімді өндірістік шешімдерге айналдыру арқылы Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға және өнеркәсібін дамытуға үлес қосуды көздейді.