22 қазан 2026
«ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ЕҢСЕЛІ РУХЫ»: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ КОНЦЕРТ ӨТТІ
Азаттықтың ақ таңы атқан, елдіктің еңсесі биіктеген Республика күні – халқымыз үшін айрықша мәнге ие, ұлттық рухты асқақтатып, тәуелсіздігіміздің қадірін терең сезіндіретін қастерлі мереке. Бұл күн – Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу жолын дәріптеп, елдік мұраттар мен ортақ құндылықтарды ұлықтайтын маңызды тарихи белес.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Республика күніне орай «Егемен елдің еңселі рухы» атты салтанатты концерт өтті. Мерекелік шара ел тәуелсіздігін дәріптеуге, ұлттық өнерді насихаттауға және өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді нығайтуға арналды.
Салтанатты кеште ұлттық өнер мен патриоттық әндер арқылы туған жерге деген сүйіспеншілік, елге деген құрмет және тәуелсіздікке деген мақтаныш сезімі көрініс тапты. Әсем әуен мен мың бұралған би өрнегі үйлесім тауып, мерекелік бағдарламаның мазмұнын байыта түсті. Өнерпаздардың өнері көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлап, елдік пен бірлікті дәріптейтін мерекенің мәнін аша түсті.
Республика күні – мемлекетіміздің тәуелсіздік жолындағы тарихи таңдауын, халықтың азаттыққа деген ұмтылысын және ел болашағына деген сенімін айқындайтын мереке. Сондықтан бұл күнді атап өту – өткенімізді бағамдап, бүгінгі жетістіктерімізді саралауға, келешек алдындағы жауапкершілігімізді сезінуге мүмкіндік береді. Осындай тағылымды шаралар жастардың ұлттық сана-сезімін қалыптастырып, туған жерге деген құрметін арттыруға және азаматтық ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.
Мерекелік жиында университеттің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова бірқатар қызметкерге Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы Жастар ресурстық орталығы директорының Алғыс хаттарын табыстады.
Марапаттар университеттің білім мен ғылымды дамытуға, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге, сондай-ақ оқу орнының өркендеуіне үлес қосып жүрген қызметкерлердің еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі болды. Бұл – кәсіби жауапкершілік пен адал еңбекті бағалаудың, университеттің ортақ жетістіктеріне үлес қосқан азаматтарды қолдаудың жарқын көрінісі.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті білім мен ғылымды дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ел болашағына қызмет ететін білікті мамандар даярлау бағытындағы жұмысын жалғастырып келеді. Университет ұжымы үшін елдік мұраттарға адалдық, білімге ұмтылыс пен жас ұрпақтың болашағына жауапкершілікпен қарау – маңызды басымдықтардың бірі.
Республика күні баршамызға тәуелсіздіктің қадірін терең сезініп, еліміздің жарқын болашағы жолында бірлесе еңбек етудің маңызын тағы бір мәрте ұғындырады.
Елдігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болсын! Қазақстанымыздың мерейі үстем болып, көк туымыз әрдайым биікте желбіресін!









