22 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін ұсынылған диссертациялық жұмыстарды бағалау жөніндегі Әдеп комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Отырыс барысында докторлық диссертацияларын қорғауға дайындалып жатқан екі докторанттың материалдары қаралды. Комиссия мүшелері ұсынылған құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкестігін жан-жақты бағалап, ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде академиялық адалдық қағидаттарының, ғылыми жауапкершілік пен әдеп нормаларының сақталуына ерекше назар аударды.

Әдеп комиссиясының қызметі университетте ғылыми зерттеулер сапасын қамтамасыз ету жүйесінің маңызды бөлігі болып саналады. Комиссия жұмысы академиялық стандарттардың сақталуына, зерттеушілердің жауапкершілігін арттыруға және ғылыми ортада әдеп қағидаттарын нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 8D015 «Жаратылыстану пәндері бойынша педагогтер даярлау» және 8D053 «Физикалық және химиялық ғылымдар» білім беру бағыттары бойынша екі диссертациялық кеңесінің өкілеттік мерзімі 2029 жылға дейін ұзартылғаны атап өтілді.

Диссертациялық кеңестердің өкілеттік мерзімінің ұзартылуы университеттің ғылыми-зерттеу қызметін одан әрі дамытуға, жоғары білікті ғылыми кадрлар даярлауға және ғылыми әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.