23 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯНЫҢ СЕКЦИЯЛЫҚ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Экологиялық мониторинг: даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми конференцияның секциялық отырысы өтті. Іс-шараны IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің Биология кафедрасы ұйымдастырды.
Конференция Шығыс Қазақстан облысы халқы денсаулығы көрсеткіштерінің кеңістіктік-уақыттық динамикасын геоақпараттық жүйелерді (ГАЖ) қолдану арқылы модельдеуге арналған гранттық қаржыландыру жобасы аясында өткізілді.
Отырысты биология ғылымдарының кандидаты, профессор-зерттеуші Гүлназ Есімбекқызы Садықанова жүргізді. Конференцияға білім алушылар, ғылыми қауымдастық өкілдері және экологиялық мониторинг саласының мамандары қатысты. Қатысушылар зерттеу нәтижелерін таныстырып, өзекті экологиялық мәселелер мен оларды зерделеудің заманауи әдістеріне арналған баяндамаларын ұсынды.
Ғылыми баяндамалармен Л. Б. Кушникова, К. Б. Алипина, Н. Набыева, Б. Алишерова, Д. Ринатқызы, Д. Оралбек, А. Кудрин, О. Сабитов, Я. Кляин, В. Лукьянченко, Е. Артемьева, В. Пилюкшин, А. Гладышев және Е. Жанатқызы сөз сөйледі.
Талқылау барысында табиғи су сапасын бақылау, қалалық экожүйелердің жай-күйін бағалауда дендрохронология әдісін қолдану және қала аумағындағы жасыл желектерді талдауда NDVI вегетациялық индексін пайдалану мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар өнеркәсіптік аумақтардың экологиялық қауіпсіздігі, атмосфера арқылы таралатын ластаушы заттардың әсері, биоалуантүрлілікті сақтау және топырақты биоэкологиялық ремедиациялау мәселелері талқыланды.
Жекелеген баяндамалар экзотикалық жеміс дақылдарын өсіру, биополимерлер әзірлеу, омарта өнімдерінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мектеп оқушыларының экологиялық мәдениетін қалыптастыру тақырыптарына арналды. Ұсынылған зерттеулердің алуан түрлілігі экологиялық мониторинг мәселелерін ғылыми және практикалық тұрғыдан жан-жақты қарастыруға мүмкіндік берді.
Секциялық отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылған зерттеу нәтижелерін талқылап, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Конференция ғылыми әзірлемелерді таныстыруға, өзекті экологиялық мәселелерді талқылауға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға арналған маңызды алаңға айналды.
Халықаралық ғылыми конференцияның пленарлық отырысы 2026 жылғы 26 қазанда Малайзиядағы Sultan Idris білім беру университетінде (Universiti Pendidikan Sultan Idris) өтеді.


