23 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ТӘУЕЛСІЗДІК БЕЛЕСТЕРІ МЕН ЕЛ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІК ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Адал ел» ұлттық бағдарламасы аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасының Республика күніне орай орыс тілінде білім алатын «Экология» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттеріне «Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңдері» тақырыбында кураторлық сағат өткізілді.

Топ кураторы, Экология және география кафедрасының сениор-лекторы С. А. Бакин студенттерге Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуындағы негізгі кезеңдер туралы баяндады. Әсіресе 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануына, Қазақстанның тәуелсіздік алуына және одан кейінгі даму жолына ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында Қазақстанның демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуы, сондай-ақ мемлекеттік экологиялық саясаттың дамуы талқыланды.

Сонымен қатар қоршаған ортаға ұқыпты қарауды, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды, азаматтардың табиғат алдындағы жауапкершілігін арттыруды және елді мекендерді абаттандыруды көздейтін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы жеке тақырып ретінде қарастырылды. Табиғи ресурстарды сақтау мен оларды ұтымды пайдалану мәселелеріне де мән берілді.

Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен де сабақтастырылды. Атап айтқанда, сапалы білім беру (4-мақсат), тұрақты қалалар мен елді мекендер (11-мақсат), жауапты тұтыну (12-мақсат), климаттың өзгеруіне қарсы күрес (13-мақсат), сондай-ақ бейбітшілік, әділдік және тиімді институттарды нығайту (16-мақсат) мәселелері талқыланды.

Кураторлық сағаттың негізгі мақсаты – студенттердің бойында отансүйгіштік қасиетті, азаматтық жауапкершілік пен кемел көзқарасты қалыптастыру, тәуелсіз Қазақстанның тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу, құқықтық мәдениетін арттыру және ел болашағына деген жеке жауапкершілігін нығайту.