23 қазан 2026
«ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМ КӨЗІМЕН»: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ МӘДЕНИЕТАРАЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасының күніне орай «Қазақстан әлем көзімен» атты мәдениетаралық іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараны Халықаралық ынтымақтастық және аккредиттеу стратегиясы бөлімі университеттің шетелдік студенттері мен волонтерлерінің қатысуымен өткізді.
Кездесу түрлі елдер мен мәдениеттер өкілдерін бір ортаға тоғыстырып, достық қарым-қатынас орнатуға, мәдени тәжірибе алмасуға және ұлттық дәстүрлермен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Индонезия, Моңғолия, Марокко, Қытай, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркиядан келген студенттер өз елдерін таныстырып, олардың тарихы, мәдени ерекшеліктері, салт-дәстүрлері туралы әңгімеледі.
Әрбір таныстырылым қатысушыларға түрлі халықтардың өзіндік болмысын тереңірек танып, олардың құндылықтары мен мәдени мұрасы туралы көбірек білуге жол ашты. Студенттер өз мәдениетінің ерекшеліктерімен бөлісе отырып, тілдері мен дәстүрлері әртүрлі болғанымен, адамдарды құрмет, ашықтық, ізгі ниет пен өзара түсіністікке деген ұмтылыс біріктіретінін көрсетті.
Іс-шараның Қазақстан Республикасының күніне орай ұйымдастырылуы оның мән-маңызын арттыра түсті. Бұл мереке Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуындағы маңызды кезеңдерді, халық бірлігін және ұлттық құндылықтарға деген құрметті білдіреді. Кездесу шетелдік студенттер үшін Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлерін жақынырақ танып, еліміздің қоғамдық өміріне етене араласуға және университеттің үлкен отбасының бір бөлігі екенін сезінуге мүмкіндік берді.
Іс-шараны ұйымдастыруға университет волонтерлері де елеулі үлес қосып, жылы әрі достық атмосфераның қалыптасуына ықпал етті. Олардың белсенді қатысуының арқасында әрбір студент өз бастамасын танытып, білгенімен бөлісіп, мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға атсалысты.
Мұндай кездесулер мәдениетаралық байланысты дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және түрлі елдердің өкілдері бір-бірін түсініп, құрметтеуге үйренетін ашық білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.
«Қазақстан әлем көзімен» – әртүрлі халықтардың мәдениетімен танысумен ғана шектелмейтін, сонымен қатар достықты нығайтып, адамдарды ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіретін тағылымды кездесу. Мәдени әралуандық университет қауымдастығының рухани байлығын арттырып, өзара құрмет пен ынтымақтастықтың маңызын айшықтай түседі.
Әртүрлі мәдениет – бір үлкен отбасы. Оны біріктіретін күш – достық, өзара құрмет және бейбітшілікке деген ортақ ұмтылыс!







