27 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ОҚЫТУШЫСЫ ТҮРКИЯДАҒЫ «ОРХУН» АКАДЕМИЯЛЫҚ АЛМАСУ БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы, PhD докторы Бейбітгүл Шүршітбай Түркиядағы Кастамону университетінде өткен «Орхун» академиялық алмасу бағдарламасына қатысты.

Академиялық ұтқырлық 2026 жылғы 7–22 қазан аралығында Кастамону университетінің гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетіндегі философия кафедрасында өтті. Бекітілген оқу келісіміне сәйкес, Бейбітгүл Шүршітбай философия және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар бойынша дәріс сабақтарын жүргізді. Сонымен қатар қабылдаушы кафедраның оқу және ғылыми қызметімен танысып, түркиялық әріптестерімен кәсіби тәжірибе алмасты.

«Орхун» академиялық алмасу бағдарламасы түркі әлемі елдерінің университеттерін біріктіріп, ортақ білім беру және ғылыми кеңістікті дамытуға ықпал етеді. Бағдарлама оқытушылар мен білім алушыларға академиялық ұтқырлық мүмкіндігін ұсынып, білім мен озық тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстар орнатуға, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бастамаларын жүзеге асыруға жол ашады.

Amanzholov University «Орхун» бағдарламасына 2023 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде бағдарлама университеттің халықаралық ынтымақтастығының маңызды бағыттарының біріне айналып, шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік байланысты нығайтуға үлес қосып келеді.

Бейбітгүл Шүршітбайдың академиялық алмасу бағдарламасына қатысуы Amanzholov University мен Кастамону университеті арасындағы ынтымақтастықты дамыту жолындағы кезекті қадам болды. Сонымен қатар бұл сапар бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашты.