27 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтіп, университеттің оқу-тәрбие, ғылыми және академиялық қызметіне қатысты маңызды мәселелер қаралды. Сонымен қатар отырыс аясында университет қызметкерлерінің еңбегі мен ғылыми жетістіктері атап өтіліп, марапаттар мен дипломдар табысталды.
Университеттің бас есепшісі Касенуалиева Зере Есимжомартовна Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін» марапатына ие болды. Сондай-ақ биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Құралай Алипинаға және экология және география кафедрасының қауымдастырылған профессоры Калелова Гульфат Жанболатовнаға дипломдар табысталды. Марапаттар мен дипломдарды Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Сағидоллақызы Жарасова салтанатты түрде тапсырды.
Ғылыми кеңестің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннета Амангелдіқызы Қалимолдина студенттік өзін-өзі басқаруды дамытудың нәтижелері мен келешегі туралы баяндады. Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Владимировна Ровнякова 2026 жылғы түлектердің жұмысқа орналасу қорытындылары және оларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын жетілдіру жөнінде ақпарат берді.
Тана Абылайханқызы бірінші курс магистранттарының ғылыми жетекшілерін, магистрлік диссертациялары мен жобаларының тақырыптарын, сондай-ақ докторанттардың ғылыми консультанттарын бекіту мәселелерін ұсынды.
Ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Есенбек Жұмағали Бейсенбайұлы профессор-оқытушылар құрамының өкілдерін ғылыми атақтарға ұсыну және «8D01501 – Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша диссертациялық кеңестің тұрақты құрамын бекіту мәселелерін таныстырды. Ал академиялық мәселелер жөніндегі проректор Нұрлана Бауыржанқызы Әлімбекова университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері әзірлеген оқу және оқу-әдістемелік әдебиеттерді баспаға ұсыну мәселесі бойынша ақпарат берді.
Ғылыми кеңес отырысында қаралған мәселелер университеттің білім беру сапасын арттыруға, ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға және түлектердің кәсіби қалыптасуына қолдау көрсетуге бағытталған.









