28 қазан 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ACTION RESEARCH ӘДІСІНЕ АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің биология кафедрасында «Action Research (Әрекеттегі зерттеу): мұғалімнің өз тәжірибесін зерттеуі арқылы оқыту сапасын жақсарту» тақырыбында республикалық ғылыми-әдістемелік семинар ұйымдастырылды.

Семинар гибридті форматта өтіп, қатысушыларға офлайн және Zoom платформасы арқылы онлайн қатысу мүмкіндігі ұсынылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – педагогтердің кәсіби тәжірибесін зерттеу арқылы оқыту сапасын арттыру, білім беру үдерісіндегі өзекті мәселелерді анықтау және оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыру.

Семинар аясында Action Research әдісінің білім беру жүйесіндегі маңызы, оны оқу үдерісінде қолдану ерекшеліктері және педагогтің өз тәжірибесін талдау арқылы оқыту әдістерін жетілдіру мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар тәжірибеге негізделген зерттеу жүргізу, оқыту нәтижелерін бағалау және білім алушылардың оқу жетістіктерін жақсарту мәселелеріне назар аударылды.

Ғылыми-әдістемелік семинар педагогтердің кәсіби білімін жетілдіруге, өзара тәжірибе алмасуына және зерттеушілік дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.

Семинар қорытындысында Action Research әдісін педагогикалық тәжірибеге енгізудің маңыздылығы атап өтіліп, оқыту сапасын үздіксіз жетілдірудегі зерттеушілік тәсілдің рөліне басымдық берілді.