28 қазан 2026


ДОКТОРАНТТАРҒА САПАЛЫ ҒЫЛЫМИ ЖЕТЕКШІЛІК ЕТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің өкілі Назарбаев Университетінде өткен докторанттарға ғылыми жетекшілік ету тәжірибесін жетілдіруге арналған академиялық көшбасшылық бағдарламасына қатысты.

Астана қаласында Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің қолдауымен «Академиялық көшбасшылық институты: докторанттарға ғылыми жетекшілік ету тәжірибесін жетілдіру» бағдарламасының алғашқы офлайн кезеңін ұйымдастырды.

Бағдарламаға университет атынан физика және технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, философия докторы (PhD) Мақпал Манарбековна Нуризинова қатысты.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – докторанттарға ғылыми жетекшілік ететін оқытушылардың кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіру, зерттеушілерді даярлау сапасын арттыру және жоғары оқу орындары арасында озық академиялық тәжірибе алмасуды дамыту.

Оқу бағдарламасының маңызды бөлімдерінің бірі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы А. Ж. Тойбаевтың «Университет – ғылыми консультант – докторант: табысты қорғауға апарар жол» тақырыбындағы баяндамасы болды. Баяндамада докторлық даярлық сапасын қамтамасыз етудегі университеттің, ғылыми консультанттың және докторанттың өзара жауапкершілігі, диссертациялық зерттеуді тиімді ұйымдастыру және оны сәтті қорғауға жеткізудің негізгі шарттары қарастырылды.

Үш күндік оқу барысында Қазақстандағы докторлық білім беруді дамыту, PhD даярлаудың халықаралық тәжірибесі, ғылыми жетекшіліктің заманауи тәсілдері, зерттеу дизайны мен әдіснамасын таңдау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар докторанттардың академиялық ілгерілеуін жоспарлау, зерттеушілік этика мен академиялық адалдықты сақтау, ғылыми ізденушілерге тиімді академиялық қолдау көрсету бағыттарына басымдық берілді.

Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмысында ChatGPT және Codex секілді жасанды интеллект құралдарын жауапкершілікпен пайдалану, ғылыми әдебиеттерді іздеу және жүйелі шолу жасау, өзекті зерттеу бағыттары мен ғылыми трендтерді анықтау мәселелері қамтылды.

Бағдарлама аясында Назарбаев Университетінің профессорлары мен академиялық басшылары, сондай-ақ отандық жоғары оқу орындарының сарапшылары ғылыми жетекшіліктің теориялық және практикалық тәсілдерімен бөлісті. Қатысушылар тәжірибе алмасып, докторанттардың дербес зерттеуші ретінде қалыптасуына ықпал ететін тиімді әдістермен танысты.

Бағдарлама үш кезеңнен тұрады. Алғашқы офлайн кезеңі Назарбаев Университетінде өтті. Қазан–қараша айларында қатысушылар Moodle платформасында онлайн тапсырмаларды орындап, бағдарламаның келесі кезеңіне қатысады. Бұл кезеңде университеттегі докторанттарға ғылыми жетекшілік ету тәжірибесіне институционалдық талдау жүргізіліп, өзекті мәселелер анықталады. Оның нәтижелері негізінде ғылыми жетекшілік сапасын арттыруға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірленеді.

Бағдарламаның қорытынды офлайн кезеңі 16–18 қараша аралығында Назарбаев Университетінде өтеді.

Мұндай кәсіби даму бағдарламалары Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ғылыми жетекшілік сапасын арттыруға, зерттеу мәдениетін дамытуға және заманауи академиялық тәжірибелерді білім беру мен ғылыми-зерттеу үдерісіне енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқытушылардың кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіруге және докторанттарды даярлау сапасын жақсартуға ықпал етеді.