28 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытуда жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану жолдарына арналған семинар өтті.

Семинардың негізгі мақсаты – адам миының жұмыс істеу ерекшеліктерін ескере отырып, жасанды интеллектті оқу үдерісінде орынды қолдану әдістерін қарастыру және студенттердің танымдық қабілеттерін дамытуға ықпал ететін тәсілдерді анықтау.

Семинар барысында психология және коррекциялық педагогика кафедрасының профессоры Ирина Константиновна Мацкевич оқу тапсырмаларының әртүрлі түрлерін орындау кезінде мидың префронталды қыртысы, гиппокамп және нейрондық желілер қызметінің ерекшеліктерін нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Сондай-ақ оқу үдерісінде ақпаратты қабылдау, есте сақтау, ойлау және білімді қолдану ерекшеліктеріне назар аударды.

Кездесу аясында оқытушылар жасанды интеллект құралдарын пайдалануға қатысты декларациялар әзірлеу мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар ЖИ қолдану қағидалары, академиялық адалдықты сақтау және студенттердің оқу тапсырмаларын орындау кезіндегі жауапкершілігі жөнінде пікір алмасты.

Семинардың негізгі түйіні – жасанды интеллект адамның ойлау қабілетін алмастырмай, керісінше, оны дамытуға көмектесуі керек. ЖИ құралдарын саналы әрі жауапкершілікпен пайдалану студенттердің сыни ойлау, ақпаратты талдау және өз бетінше шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.