29 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТІ ШЕТЕЛДЕ БІЛІМ АЛУ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Абдир Ардақ Барынұлы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясындағы шетелде білім алу тәжірибесімен бөлісті. Ол жаңа ортаға бейімделу, халықаралық тәжірибе жинақтау және шетелде білім алуды жоспарлап жүрген жастарға арналған кеңестері туралы әңгімеледі.
Студенттің айтуынша, шетелдегі алғашқы кезеңде жаңа ортаға бейімделу және адамдармен тіл табысу біршама қиындық туғызған. Дегенмен айналасындағы адамдардың қолдауы мен ашық қарым-қатынасы бұл кезеңді жеңіл еңсеруге көмектескен.
«Басқа ел, басқа қала, басқа университет болғандықтан, бәрі қалай болады екен деп алаңдадым. Алайда шын мәнінде барлығы біз ойлағаннан әлдеқайда жақсы болды. Қала өте әдемі әрі жайлы. Университет оқытушылары әрдайым жылы жүзбен қарсы алып, қажетті көмектерін көрсетеді. Осы жерден тапқан достарым да маған үнемі қолдау білдірді», – дейді Ардақ.
Студенттің пікірінше, жаңа ортаға бейімделуде адамдармен еркін қарым-қатынас орнату мен өзара қолдаудың маңызы зор. Оқытушылар мен студенттердің ықыласы оның өзін сенімді сезінуіне ықпал еткен. Сонымен қатар қаланың жайлы атмосферасы мен табиғаты да ерекше әсер қалдырған.
Ардақ шетелде білім алуды жоспарлап жүрген жастарға академиялық ұтқырлық бағдарламасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға кеңес береді.
«Шетелде оқу адамның ой-өрісін кеңейтіп, өзге халықтардың мәдениетімен танысуына және өзіне деген сенімділігін арттыруына көмектеседі. Жаңа елді көріп, жаңа достар тауып, өмір бойы есте қалатын ерекше сәттерді бастан өткересіз. Бұрын тек фильмдерден көрген дүниелерді шынайы өмірде көруге мүмкіндік аласыз. Сондықтан қорықпай, жаңа мүмкіндіктерге қадам басып, әлемді таныңыздар!» – деп атап өтті Абдир Ардақ Барынұлы.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті студенттердің халықаралық білім беру кеңістігінде тәжірибе жинақтауына және академиялық мүмкіндіктерін кеңейтуіне жағдай жасайды. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы жастардың кәсіби құзыреттерін жетілдіруге, мәдениетаралық байланыстарын дамытуға және болашақ маман ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
