29 қазан 2026


«БИОӘЛЕМ: ЗЕРТХАНАДАҒЫ БІР КҮН»: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің Биология кафедрасы кәсіби бағдар беру жұмысы аясында 9–11-сынып оқушыларына арналған «Биоәлем: зертханадағы бір күн» атты интерактивті ғылыми-практикалық семинар ұйымдастырды.

Іс-шара мектеп оқушыларына ғылым әлемімен жақынырақ танысып, зертханалық жұмыстың қыр-сырын меңгеруге және биология пәнінің тәжірибелік мүмкіндіктерін тануға жол ашты. Семинардың негізгі мақсаты – жаратылыстану бағытындағы мамандықтар туралы түсінікті кеңейтіп, жоғары сынып оқушыларына болашақ кәсібін саналы таңдауға көмектесу.

Кездесу кезінде оқушылар зерттеу жұмыстарына қатысып, бірқатар танымдық тәжірибелер орындады. Олар жануарлардың құрылысын зерттеп, омыртқалы жануарлар мен жәндіктердің анатомиялық ерекшеліктерімен танысты. Сонымен қатар сүтқышқылды және басқа да бактерияларды Грам әдісімен бояу тәсілін меңгеріп, микроскоп арқылы өсімдік жасушаларындағы плазмолиз үдерісін бақылады.

Практикалық сабаққа Өскемен қаласындағы №8 және №15 орта мектептердің, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының және Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары белсенді қатысты.

Бағдарлама соңында Kahoot платформасында зияткерлік викторина ұйымдастырылып, оқушылар алған білімдерін бекітіп, өз білім деңгейлерін тексерді. Іс-шара қорытындысы бойынша викторина жеңімпаздары мен белсенді қатысушыларға, сондай-ақ семинарға қатысқан барлық оқушыға арнайы сертификаттар табысталды.

Интерактивті практикум оқушылардың зертханалық жұмысқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, биология ғылымын жастар арасында насихаттауға мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар жасөспірімдердің ғылыми ізденіске деген ынтасын оятып, теориялық білімнің тәжірибедегі қолданысын таныту арқылы болашақ мамандығын дұрыс таңдауына ықпал етеді.