30 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY МАГИСТРАНТЫ «АБАЙ-ВЕРН» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ФРАНЦИЯДА БІЛІМ АЛУДА

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 2-курс магистранты Тілеубек Мөлдір Сұңқарқызы «Абай-Верн» халықаралық стипендиялық бағдарламасының конкурстық іріктеуінен сәтті өтті.

Қазіргі уақытта Мөлдір Франциядағы Париж-Сите университетінде (Université Paris Cité) білім алып жатыр. Оқу мерзімі – 10 ай, яғни 2026 жылғы 1 қыркүйектен 2027 жылғы 30 маусымға дейін.

«Абай-Верн» бағдарламасы Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылады. Бағдарлама қазақстандық студенттер мен магистранттарға Францияның жетекші жоғары оқу орындарында білім алып, халықаралық академиялық тәжірибе жинақтауға, кәсіби білімін тереңдетуге және ғылыми байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді.

Аталған бағдарламаға қатысу магистранттың академиялық және кәсіби тұрғыдан дамуына жол ашып қана қоймай, білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюіне де ықпал етеді.

Мөлдір Сұңқарқызына білім жолында толағай табыс, жаңа жетістіктер мен жемісті ғылыми ізденістер тілейміз!