28 ноября 2023


«БІРІНШІ КУРС ТАЛАНТТАРЫ-2023» ӨНЕР БАЙҚАУЫ

Жыл сайынғы шығармашылық өнер фестивалі «Бірінші курс таланттары-2023» өнер бәйгесі ауқымды гала-концертпен аяқталды. «Парасатты ел, еркін ұрпақ» тақырыбымен өткен байқауда Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері екі күн бойы киелі сахнада өнерден мықтылық байқасты. Әр Жоғары мектеп білім алушылары қатысқан гала-концертте әділқазылардың жоғары бағасын алған ең үздік нөмірлер ұсынылды. Мысалы, Жоғары колледж студенттері «Көзімнің қарасы» әнімен, Бизнес және құқық жоғары мектебі «Алаш ұраны» перформансымен, Жоғары педагогика мектебі «Оян, қазақ» поэтикалық шығармасымен, Педагогика жоғары мектебі сюжеттік бимен, IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі патриоттық нөмірмен, Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі «Улыбайся» вокалдық композициясымен көрермен көзайымына айналды. Барлық мектептердің эстрадалық билері де көптің көңілінен шықты.

Таланттар тартысын көруге келген халыққа зал лық толды. Студенттік концерттің құрметті қонақтары болып Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар, облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаков және қалалық мәслихат төрағасы Александр Светаш мырза келді. Көрермендердің айтуынша, биыл бірінші курс студенттері көрерменді орынды әзілмен, керемет вокалмен және хореографиямен ерекше баурады.


— Мен өзім осы оқу орынының түлегімін. Сондықтан келгеніме қуандым. Қара шаңырағымыздың қалай өркендеп келе жатқанына куәмін. Барша студенттерге тек сәттілік тілеймін, — деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов.


Ал, қала әкімі Жақсылық Омардың айтуынша, С. Аманжолов атындағы ШҚУ білімді, білікті мамандарды дайындайтын орда. Бұл жерден нағыз ел патриоттары, мықты түлектер шығады.


— Өнері үстем жастарды әлі талай сахна төрінен көретініме сенімдімін, — деді жылы лебіз білдірген қала әкімі.


Шарада нағыз мерекелік атмосфера орнады.


— «Бірінші курс таланттары» – жастардың жан-жақтылығын, білім ордасының дәстүрге беріктігін, ең бастысы тәрбие процесінің айнымас бөлігінің көрінісі, — деп атап өтті ректор Мұхтар Төлеген.


Әділқазылар алқасы студенттерді би нөмірлерінің техникасы және ерекшелігі, өзгеше декорацялар мен костюмдер, мәнерлеп оқу деңгейі және басты тақырыпты ашу талаптары бойынша бағалады.


— Күнделікті дайындығымыз көңілді болды. Бірнеше ай бойы ақтық сынға барымызды салып дайындалдық. Келген қонақтарға ұнап, бізге лайықты бағасын бергені қуантты, — деп пікір білдірді Жоғары колледж белсендісі Инабат Серікқызы.


Жалпы жүлде қоры 700 000 теңге. Қаржылай сыйлық төрт орынға бөлінді. Үшінші орын және 75 000 теңге сертификаты Жоғары педагогика мектебі мен Жоғары колледжге бұйырды. Екінші орын әрі 100 000 теңгені IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі алды. Бірінші орынға және 150 000 теңгеге ие болған Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің дарындары. Ал, бас жүлде – «Бірінші курс таланттары-2023» кубогына Бизнес және құқық жоғары мектебі лайық деп танылды.

Оған қоса қаржылай сыйлық 250 000 теңге берілді.
Сонымен қатар қала әкімі Жақсылық Омар жастарды ауқымды байқаудың аяқталғанымен құттықтап, ынталандыру мақсатында студенттерге 250 000 теңге көлемінде қаржылай сертификатты тарту етті.