1 Қыркүйек 2023


ШҚУ-ДА ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖОЛДАУЫ ТЫҢДАЛДЫ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың басшылығы, қоғам қайраткерлері, профессор-оқытушылық құрам және сарапшылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты  Жолдауын тыңдады.

Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында елдегі экономиканың дамуына, әлеуметтік саладағы және саяси тұрақтылықа қатысты өзекті мәселелерге тоқталды. Әділеттілік жаңа экономикалық бағыттың өзегі болуы керек.

Жолдаудағы  негізгі мәселелер мен міндеттерді  атаған  тұстарына тоқталсақ.

Президент қазіргі ауыл шаруашылығы – озық технологияларды қажет ететін сала екенін атап өтті. Бұл жоспарлаған  жетістікке жетелейтін инновациялық амал- тәсілдер. Айта кетейік, ЖОО ғалымдары осы бағыт бойынша ғылыми жобамен жұмыс жасауда. «Дәлме-дәл егіншілік технологияларына  негізделген агротехнологиялық шешімдерді қабылдауды зерттеу және оны қолдау әдістерін әзірлеу»  атты жобаны әзірлеуде мемлекет   70 миллион теңгеге жуық сомаға қаржыландырады.

Ғалымдардың жобасының нәтижесі – бюджеті төмен шаруа қожалықтары пайдалануға болатын дәл егіншілік технологияларының жиынтығы.

Қасым-Жомарт Тоқаев су объектілерінің ластану мәселесіне көп көңіл бөлді. Бұл тез арада шешуді қажет ететін ең өзекті міндеттердің бірі. Ол үшін Президент жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігін құруды, сондай-ақ суды үнемдеу технологияларын кезең-кезеңімен енгізуді тапсырды. Қазіргі уақытта Amanzholov University базасындағы Ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертхананың ғылыми қызметкерлері де аталған мәселеде ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта ғалымдар суды тиімді сүзгілеуге арналған композициялық материалдарды әзірлеуде.  Сонымен қатар, ЖОО-ны осы мәселені шешу үшін «Гидроэкология, менеджмент және трансшекаралық су қауіпсіздігі» атты білім беру бағдарламасы бойынша  мамандар даярлайды. Бұл мамандықтың түлектері су ресурстарын қорғау және басқару саласындағы мәселелермен  айналысады, жаңа цифрлық технологияларды пайдалану арқылы су тұтыну жүйесін жаңғыртады, технологиялары мен химиялық талдаудың заманауи әдістерін біріктіреді.

Жаңа Жолдаудағы басым міндет ауқымды цифрландыру.

– Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек, – деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, ШҚУ-дың базасында STEM орталық, Robolab зертханалық кабинеті ашылды, материалдық-техникалық қоры нығайтылған Компьютерлік үлгілеу және ақпараттық технологиялар кафедрасы жұмыс істейді. «Компьютерлік мехатроника» және  «STEM»  инновациялық білім беру бағдарламалары енгізілген.  ЖОО студенттері «Робототехника» және жасанды интеллект бағыттары бойынша пәндеріне белсене қатысып,  жыл сайын өтетін «Хакатон» әзірлеушілерге арналған форумға қатысып, жүлделі орындарға ие.