11 Желтоқсан 2023


САЯСАТ НҰРБЕК: БҮГІНГІ СТУДЕНТТЕР-ЕРТЕҢГІ АШУШЫЛАР

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңір студенттерімен кездесу өткізіп, дәріс оқыды.

Кездесу барысында министр тыңдаушыларға ғылымдағы негізгі басымдықтар, жасанды интеллектіні қолдану және болашақ мамандықтары туралы айтып берді.

Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстан ғылымын жас ғалымдар легімен толықтыру ауыл шаруашылығы, тау-кен саласы, металлургия, машина жасау, энергетика және экология сияқты барлық салаларға оң әсер етеді. Отандық ғылыми базаны жаңа әзірлемелермен және жас кадрлармен қамтуда университет ғылымы маңызды рөл атқарады. Оны дамыту министрліктің басым міндеттерінің бірі.

Министр бүгінгі таңда мемлекет ғылыми жобаларды жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасап отырғанын атап өтіп, студенттерді белсенді ғылыми-зерттеу қызметіне шақырды. «500 ғалым» сияқты бағдарламалар бар, оның аясында отандық ғалымдар әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.

Айта кетейік, шара интерактивті форматта өтті. Өңір жастары министрден өмірге деген белсенді көзқарастың құпияларын сұрап, қызықтырған сауалдарын қойды.

– Өзіндік ерекшелік жаңа нормаға айналды, ал ойлаудың икемділігі – негізгі дағды болды. Мен сіздерге барлық бағытта дамуды ұсынамын. Әртүрлі ғылыми жобаларға, көптеген академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысып, тілдерді меңгеріп, өзекті трендтерден қалыспаңыздар. Болашақ көшбасшылық кілті тұлғаның жан-жақты дамуында жатыр, – деді министр.

Кездесу соңында Саясат Нұрбек облыстың белгілі волейболшысының добына қол қойып, жеңіс тіледі. Оған қоса, студенттермен естелік суретке түсіп, әлеуметтік желілердегі трендтерге видео түсірді.