12 декабря 2023


ШҚУ-ДА СӘРСЕН АМАНЖОЛОВТЫҢ 120 ЖЫЛДЫҒЫ АТАП ӨТІЛДІ

Сәрсен Аманжоловтың 120 жылдығына орай университетте ауқымды шаралар легі ұйымдастырылды. Шара белгілі түрколог, лингвисттің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Сәрсен Аманжоловтың ұлы, Қазақ ұлттық техникалық университетінің доценті, көптеген ғылыми мақалалардың авторы Урал Аманжолов құттықтау сөз сөйлеп, атақты ғалым, әке жайлы жылы естеліктермен бөлісті.


— Әкем өз халқына адал қызмет етіп, барын берді. Оның еңбектері қазақ халқының мәдениеті мен ғылымын зерттеу жолында баға жетпес мұра. Ол қазақ тілінің диалектологиясы атласын құрастыруды ұсынған алғашқы ғалым болды. Бұл оның сансыз еңбектерінің аз ғана бөлігі, — деді Урал Аманжолов.


Еске сала кетсек, ескерткіш белгілі қазақстандық сәулетшілер Е.Сергебаев пен Б.Әбішевтің жобасы бойынша жасалған еді. Мүсін 2007 жылы 23 қаңтарда ашылды.


Ғалымның 120 жылдығын тойлау аясында №5 оқу ғимаратында «Сәрсен Аманжоловтың өмірі мен шығармашылық қызметі» фотокөрмесі және «Сәрсен Аманжолов — тұлға, ғалым, ұлағатты ұстаз» атты ғылыми көрме өтті. Сондай-ақ, ЖОО ғалымдары қонақтарға «Беттік инженерия және трибология» ұлттық зерттеу орталығында және «Ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертханасында» жүзеге асырылатын жобаларды таныстырды. Соның ішінде машина жасау бұйымдары үшін тозуға төзімді материалдарды алу технологиялары, өнеркәсіптік жабдықтың пайдалану қасиеттерін арттыруға арналған композициялық жабындар, экстремалды трибологиялық қолдануға арналған адаптивті нанокомпозиттік жабындар және т.б.