3 Қаңтар 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДІҢ STARTUP ЖОБАЛАРЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Бүгінгі таңда Amanzholov University студенттері, магистранттары мен докторанттары 30-дан астам стартап жобаларды жүзеге асыруда. Сәтті бастау алған жобалар қатарында «Заманауи интерпретациядағы эко-ұлттық бұйымдар» жұмысы бар. Авторы – университет магистранты Айжан Үмбетова.

Шебердің бұйымдарында көбейту кестесі, сағат, әліппе және географиялық карталарға дейін бейнеленген. Барлығын арнайы тігіспен тігеді. Қолөнер заттарын дайындауда көбінде түрік велюрін  пайдаланады. Ал ішін акустикалық поролон мен холлофайбермен толтырады. 

Айжан түрлі бас киімдерді, көрпешелер мен құрақтарды заманауи стильде дайындайды. Оның айтуынша, әр жұмысына тыңғылықты ізденіспен қарайды. Ең алдымен ою-өрнектердің мағынасы мен шығу тарихын егжей-тегжейлі зерттеп барып қана іске кіріседі.

Эко-ұлттық бұйымдары қазір өте танымал. Сұраныс Қазақстан аумағында ғана емес. Германия мен Түркиядан да тапсырыстар түсіп жатады.

Бұл іске қызыққан жандар үшін Айжан Үмбетова YouTube-та арнайы блог ашқан. Кез-келген адам интернет арқылы тігу өнерін үйрене алады.