31 января 2024
МАҚСАТШЫЛДЫҚ, КӨШБАСШЫЛЫҚ ЖӘНЕ БАСҚАРУШЫЛЫҚ
Жастар үшін ең маңызды екі сұрақ бар. Біріншісі қай оқу орынына тапсыру, екіншісі қай жұмыс орынында жұмыс істеу.
Дегенмен, белсенді өмірлік ұстанымдары бар жастар да мол. Олардың көбінің ұйымдастырушылық қабілеттері бала күнінен қалыптасқан. Олар білім ордасын аяқтаған соң да қай бағытты таңдайтындарын жақсы біледі.
Сондай студенттің бірі Низамеддин Шыңғыс. Ол С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламасының екінші курсында оқиды.
Бала күнінен политологияға қызыққан. Он бірінші сыныпта оқып жүргенде еліміздің үздік ЖОО-дарын қарастыра бастаған. Басты мақсаты – үздік мемлекеттік қызметкерлерді дайындайтын білім ордасына түсу еді. Таңдауы ШҚУ-ға түскен.
– Бұл университет мені өзінің білім рейтингімен ғана емес, мықты басшылығымен де қызықтырды. Нақтырақ айтқанда, ең бірінші оқу орыны ректоры Мұхтар Төлеген туралы білдім, – дейді Низамеддин Шыңғыс. – Оның басқару саясаты және студенттерге ашықтығы өте ұнады. Бірден осы университетке оқуға тапсырдым.
Низамеддин олимпиадалық резерв мектебінің түлегі. ЖОО-да ректордың ұсынысымен университетте тәртіпті сақтауға жауапты «Қыран» арнайы жасағының жетекшісі болды.
Кәсіби өсу үшін Низамеддин ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жас мемлекеттік қызметші мектебінде оқуда. Сондай-ақ, ШҚО әкімі аппараты басшысының арқасында мемлекеттік қызметтің ерекшеліктерімен де жақынырақ танысты.
Беделді саяси партия мүшесі атанып, азаматтарға көмек көрсету үшін Низамеддин Шыңғыс «Аманат» партиясын таңдаған. Партияның университеттегі өкілі ретінде белсенді түрде Ақбауыр тарихи орынында өтетін «ТазаLike» сияқты түрлі акцияларға қатысады.
– Университетте Экономика және құқық факультетінің Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы болып тағайындалдым, – дейді студент. – Бұл қызметте студенттік парламент құру, профилактикалық әңгімелер жүргізу және ережелердің сақталуын бақылау бойынша жұмыстар жүргіздім. ЖОО ректоры мен жастар ісі жөніндегі комитет төрағасының қолдауының арқасында министрліктер мен ведомство басшыларымен кездесулерге қатыстым.
Низамеддин оқуды үздік аяқтап, беделді мемлекеттік қызметкер атанғысы келеді. Оның айтуынша, университет бұл жолда оған көп мүмкіндік жасап отыр.