1 февраля 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ СТУДЕНТТЕР ҚОСЫМША БІЛІМ БАҒДАРЛАМАСЫН ӨТТІ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Кәсіби дайындық және біліктілікті арттыру ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект: бастапқы негіздерінен қолданылуына дейін» (3 кредит)  қосымша білім беру бағдарламасын өткен студенттер марапатталды.

Шарада директорлар кеңесінің төрағасы Амерхан  Муратпекович студенттерді жапон, ағылшын тілдерінде құттықтап, дипломдарын табыстады.

— Университетке келген  сайын шет тілдерін еркін меңгеріп, сапалы білімді игерген студенттерді байқап жүрмін. Студенттердің жетістігіне өте қуаныштымын. Бүгінгі дипломмен марапаттай отыра баршаңызды құттықтаймын, — дейді директорлар кеңесінің төрағасы Амерхан  Муратпекович.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, студенттер 18 қазан мен 29 желтоқсан арасында бағдарламаны меңгеріп шыққан.

— Курс алты тараудан тұрады. Жасанды интеллект жайлы толыққанды ақпарат берілді. Бірнеше мамандықтан 33 студент қатысты, — дейді компьютерлік үлгілеу және ақпараттық технологиялар кафедрасының сениор-лекторы Ақмарал Жақсылықова.

Студенттер бағдарламаны меңгерудің маңыздылығын да атап өтті.

— Болашақ ұстаз  ретінде бұл бағдарлама мен үшін тың ақпаратқа толы болды. Өндірістік іс-тәжірибеде де үйренгенімді қолданудамын. Мүмкіндіктер үшін алғысымды білдіремін , — дейді математика-информатика білім бағдарламасының 3-курс студенті Балнұр Әлжанова.

— Бұл курс арқылы жасанды интеллектпен жұмыс істеуді үйрендім. Болашақта дәл осындай курстарға қатысқым келеді, — дейді физика-информатика мамандығының 2-курс студенті Көркем Ораз.

Айта кету керек, жасанды интеллект-интеллектуалды компьютерлік бағдарламалар мен машиналар жасау технологиясы қоғамда сұранысқа ие салалардың бірі.