16 февраля 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

1979-1989 жылдары өткен Ауған соғысында Қазақстаннан 22 мыңнан астам жауынгер тартылып, оның 889-ы қазаға ұшырап, 30-ға жуығы хабар-ошарсыз жоғалып кеткен.Ал,осыдан тура 35 жыл бұрын 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері Ауғанстан аумағынан шығарылды.
Осы бір атаулы күнге байланысты С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері Ауған соғысының ардагерлерімен кездесті.


Айта өту керек,университет ұжымының арасында Ауған соғысының ардагерлері бар.Мәселен, Қабанбай батыр атындағы Әскери кафедраның аға оқытушысы Қайрат Мареуов,физика және технологиялар кафедрасының шеберхана меңгерушісі Төлеубек Рахышев,АӘД және мәдениет,спорт кафедрасының сениор-лекторы Андрей Кожуховский,запастағы полковник Қабанбай батыр атындағы Әскери кафедраның оқытушысы Ақылбек Самкенов.


Кездесу Ауған соғысының ардагерлерін еске алумен басталды.
Басқарма мүшесі- тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннета Калимолдина кездесуде Ауған соғысының маңыздылығын атап өтіп,соғыс ардагерлеріне басқарма-төреғасы ректор Мұхтар Төлегеннің алғыс хатын табыстады.Сондай-ақ,ардагерлер «Ауған соғысына 35 жыл» төсбелгісімен марапатталды.
Кездесу барысында Қазақстан тарихы және әлеуметтік гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Ләззат Жаманбаева «Ауған соғысының халықаралық-саяси алғышарттары» тақырыбында баяндама оқып,кездесудің маңыздылығын айта өтті.


-Бүгінгі ардагерлермен кездесудің пайдасы зор.Кездесу барысында ардагерлер бүгінгі ұрпақ өкілдеріне белгілі бір деңгейде сабақ алар дәріс өткізгені анық,-дейді Қазақстан тарихы және әлеуметтік гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Ләззат Жаманбаева.


Сонымен қатар,кездесуде әуезді ән шырқалып, «Шабыт» студенттер театрының студенттері өлең шумақтарын оқыды.


Әсерлі кездесуде ардагерлер соғыс жылдарындағы қиыншылықтар мен елге оралған сәттерін еске алды.


— Мен соғысқа өз еркіммен 10 сыныпты бітірген жылы кеттім.Соғыс жылдарында Ауған жеріндегі климаттық жағдай өте ауыр еді.Өте ыстық,қыс мүлдем болмайтын.Азапты жылдар артта қалып,1989 жылдың 15 ақпаны 12:00-дегі қуанышты жаңалықты естіген кезіміз әлі есімде.Ол сәтті ұмыту мүмкін емес,-дейді ардагер.


-Менің бүгінгі кездесуден алған әсерім ерекше.Әкем де Ауған соғысының ардагері.Сондықтан, бүгінгі кездесудегі ардагерлердің әңгімесі мен үшін ерекше болды,-дейді С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Ерасыл Маратов.


Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып,еркін әңгіме өрбітті. Жалпы,аға буын өкілдерімен дәл осындай кездесулерді өткізудің жастар үшін танымдық-тағылымдық маңызы орасан зор.