19 Ақпан 2024


ШҚУ СТУДЕНТІ ШОРТ-ТРЕКТЕН ӘЛЕМ КУБОГЫ КЕЗЕҢІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ҚАТАРЫНДА

   Херенвен қаласында (Нидерланд) шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы Әлем Кубогының кезеңі өтуде.

   Қазақстанның жас шорт-трекшілері бұл жарыста намысты қолдан бермеді. Сенсациялық нәтижеге қол жеткізіп, 3000 метрлік командалық эстафетада екінші орын алды. Тіпті, отандық спортшылар Нидерланд, Канада сияқты әлемнің ең мықты құрама командаларын басып озды.

   Қазақстан атынан Анастасия Астраханцева, Алина Ажгалиева, Гүлдана Жалмұхан және Полина Омельчук пен Зейнеп Құмарқан қатысты.

  Зейнеп Құмарқан С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Дене шынықтыру және спорт мамандығының 1-курс студенті екенін атап өтейік. Облыс орталығының мұз модульдерінің бірінде жаттығады.

– Бұл жетістік мені көбірек жаттығуға және халықаралық сындардағы көрсеткіштерімді жақсартуға ынталандырады, – дейді Зейнеп Құмарқан.

  Ресми хаттамаға сәйкес, турнирдің чемпиондары Оңтүстік Кореядан келген спортшылар атанды. Олардың көрсеткіші 4:17.683. Одан кейін 4:19.480. көрсеткішімен Қазақстан орнықса, Нидерланд 4:33.236. нәтижесімен үштікті түйіндеді.