20 февраля 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОРАЛ ФЕДЕРАЛДЫ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ЖАЗҒЫ УНИВЕРСИТЕТ

Шілде айында ШҚУ-дың 10 студенті Орал федералды университетіндегі «Жазғы университет» жобасына қатысады. Екі апта бойы әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер жоғары оқу орнының үздік оқытушыларынан білім алып, авторлық жобалармен жұмыс істейді. Соның арасында Екатеринбург қаласымен де жақын танысатын болады.


Он жыл бұрын С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Орал федералды университетімен келісімшартқа отырған. Оның аясында студенттер, қызметкерлер мен оқытушылар алмасу, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру, ғылыми кездесулер мен симпозиумдар ұйымдастыру, халықаралық жобаларға бірлесіп қатысу және оқытушылардың мақалаларын, есептерін және басқа да ғылыми жұмыстарын жариялау, қызметкерлер мен білім алушылардың білім деңгейін көтеру шаралары қарастырылған.

Екі оқу орынының да ортақ тұстары көп. ОрФУ экономика және басқару, гуманитарлық ғылымдар, химия-технологиялық салаларын табысты дамытуда, сондай-ақ онда 2017 жылдан бері инклюзивті білім беру орталығы бар.


Таяуда ғана ШҚУ-дың Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проекторы Ирина Ровнякова мен ОрФУ Халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Сергей Тушин арасында өткен кездесу аясында қолданыстағы шартты жаңартып, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды дамыту бойынша жұмыстарды жоспарлады.
Алдағы жоба аясында студенттер үздік оқытушылардың дәрістерін тыңдап, жобаларға қатысып, және ең бастысы шетелдік студенттермен танысып, тәжірибе алмасады.

«Жазғы университетке» қатысу үшін ОрФУ-ға жыл сайын Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Сербия, Бразилия, Үндістан, Вьетнам, Қытай, Колумбия, Йемен, Египет және Түрікменстаннан 300-ден астам студент келеді.


Ресейдің Тұңғыш Президенті Б.Н. Ельцин атындағы Орал федералды университеті – Екатеринбургте орналасқан Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Ресейдің Білім және ғылым министрлігі жүзеге асыратын «Ғылым және университеттер» ұлттық жобасының әлемдік деңгейдегі кампустарын құру жобасының қатысушысы.

Сондай-ақ университет – «Басымдық-2030» ресейлік жоғары оқу орындарын қолдаудың мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы. «Озық өндірістік технологиялар мен материалдар» әлемдік деңгейдегі Орал өңіраралық ғылыми-білім беру орталығының жобалық кеңсесін құрудың бастамашысы әрі қатысушысы.