22 февраля 2024


ШҚУ СТУДЕНТТЕРІНЕ ПАРТИЯЛЫҚ БИЛЕТТЕР ТАБЫСТАЛДЫ

   Белсенді қоғамдық қызметі мен қажырлы еңбегі үшін С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 20 студенті «AMANAT» партиясының қатарына қабылданды. Олар енді партияның «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелігінде.

   ЖОО ректоры Мұхтар Төлеген партияның жаңа мүшелеріне салтанатты түрде төсбелгілері мен партиялық билеттерін табыстап, лайықты таңдауларымен құттықтады.

   — Жастардың қоғамдық және саяси өмірге араласуы өте маңызды. Жастар әрқашан және барлық жерде еліміздің басты стратегиялық ресурсы саналады. Сондықтан біз, аға буын, оларды жан-жақты қолдауымыз керек, — деді Мұхтар Төлеген.

   Енді партия қатарындағы бұл студенттер біздің өңіріміз бен еліміздің игілігі мен өркендеуі үшін дұрыс әрекет етуге және белсене кірісуге дайын.

   3 курс студенті Дінмұхаммед Серікбай атап өткендей, бүгін олар ЖОО басшысының қолдауымен партияның толыққанды өкілдеріне айналды.

   — Енді бізге үлкен жауапкершілік жүктеледі, бұл жолда көп еңбектеніп, сенімді ақтауға тырысамыз, — дейді жас партия мүшелері.

   «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері экологиялық, патриоттық, мәдени-бұқаралық, қайырымдылық іс-шараларын және басқа да жастар бастамаларын жүзеге асыратын болады.