28 февраля 2024


СТУДЕНТТЕР «ANTIPARACRAFT» КВЕСТ ОЙЫНЫН ОЙНАДЫ

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде интерактивті ойын өтті. Ойында жоғары мектептерден құралған төрт команданың қатысушылары білім беру процесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тануды үйренді. Ұйымдастырушылар — Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі, «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесі болды.


Квесттің бірінші кезеңі «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында бейнеролик көрсетуден басталып, кейін студенттер «Жемқорлық — індет, онымен күрес — міндет» тақырыбында эссе жазды. Сондай-ақ, квест капитандарға арналған сынды қамтып, әр қатысушы «Сыбайлас жемқорлықты жою жолдары» тақырыбында жоба таныстырды. Әр кезең белгілі бір станциямен белгіленді. Атап айтқанда, «Антикор Сити кинотеатры», «Агент370001», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Трибуна», «Тезірек-дәлірек» және «Қара қорап».


— Квест-ойын жастарға барынша бейімделген, әрбір тапсырма — білім беру процесінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті көрсетудің тағы бір мүмкіндігі. Квест мақсаты — білім беру қызметтерінің ақпараттық ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету. Білім алушылар арасында белсенділікті арттыру, — дейді Құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлмира Байеркенова.


Әр станцияда команда критерийлерге сәйкес бағаланды. Тартысқа толы додада жеңімпаз ең көп ұпай жинаған тапсырмаларды орындаған команда атанды. Жүлде қоры 225 мың теңгені құрады. 1-орын: 100 000 теңге; ІІ — орын: 75 000 теңге; III — орын: 50 000 теңге, сондай-ақ қатысушылар «Команданың үздік капитаны» және «Үздік спикер» номинацияларын иеленді.