29 февраля 2024
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ГРАНТТЫ ӨТЕУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері жоғары оқу орнының 2024 жылғы бакалавриат, магистратура және докторантура түлектерімен ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді. Қаржы орталығының маманы Ақзира Серікқали диалог алаңында студенттерге білім беру гранттарын өтеу мен жұмысқа орналастырудың негізгі аспектілерін айтып берді.
Оның айтуынша, педагогикалық және медициналық мамандықтардың түлектері, докторанттар мен ауылдық квота бойынша білім алушылар, педагогикалық, медициналық, ветеринарлық, ауыл шаруашылығы білім беру бағдарламаларында оқитын жастар үш жыл грантты өтеуі тиіс.
Жұмыспен өтеу мерзімі еңбек шарты жасалған күннен бастап есептеледі.
Бұл ретте ЖОО жақсы қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Мансап орталығы әрбір грантта оқыған студенттің есебін жүргізіп, бос жұмыс орындарына жеке жолдамалар дайындайды.
«Серпін» бағдарламасы бойынша білім алушылар үшін өтеу мерзімі екі жылды құрайтынын атап өту қажет. Жұмысқа орналасу үшін Ақмола, Қарағанды, Абай, Ұлытау, Қостанай, Павлодар, СҚО және ШҚО облыстары қарастырылған, — дейді Ақзира Серікқали.
Грантты өтеуден босау мүмкін шарттардың да тізімі бар. Оның қатарында жүктілік, үш жасқа дейінгі баланың болуы, I немесе II топтағы мүгедектік, грант негізінде магистратураға, резидентураға немесе докторантураға оқуға түсу.
Спикердің айтуынша, қосымша ақпаратты «Қаржы орталығы» АҚ-ның https://fincenter.kz/ ресми сайтынан немесе «Электрондық үкіметтің» жеке кабинетінде «Жұмыспен қамту және еңбек» бөлімінде табуға болады.