20 марта 2024


ШҚУ РЕКТОРЫНЫҢ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

Құрметті жерлестер!
Әр көктем сайын шуақты Наурыз мейрамын тойлау бұлжымас дәстүрге айналды. Тарихы тереңге бойлаған мейрамның халқымызда алар орыны бөлек. Наурыз мейрамы ұлты мен дініне қарамайтын, барлық этносты біріктірген мерекеге айналғаны қашан.
Барлық азаматты осы тамаша мерекемен шын жүректен құттықтаймын.
Наурыз — көктемгі жаңару мерекесі, күн мен түннің теңелуімен тұспа-тұс келетін жаңа жылдың басы. Ол терең философиялық мағынаға ие. Бұл жаңа өмірдің, жаңа үміттің, махаббат пен достықтың мерекесі. Биыл сіздерде бәрі жақсыға жаңарсын деп тілеймін. Әр үйге бақ пен береке орнасын. Баршаңызға қуаныш, шаттық, мықты денсаулық тілеймін!
С. Аманжолов атындағы ШҚУ жыл сайын Наурыз мейрамын кеңінен атап өтетінін айта кеткім келеді. Өздеріңіз білетіндей, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Наурызды бірлік, келісім, ұлттық бірегейлікті сақтау және отбасылық құндылықтарды дәріптеу мерекесі ретінде атап өтудің жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа форматы аясында біз 10 күндік игі істер марафонын қолға алдық.
Университет өкілдері, соның ішінде ЖОО басшылығы, ПОҚ және студенттер қайырымдылық мақсатпен Балалар үйінде, Қарттар үйінде, Балалар ауылында және облыс орталығының басқа да мекемелерінде болып, ізгі мейраммен құттықтап қайтты.